Маусым айында Қазақстан 6 тонна алтын сатты
2024 жылдың маусым айында бірнеше елдің орталық банктері 31 тонна алтын сатып алды деп хабарлайды World Gold Council.
Құнды тауарды сатып алу бойынша Өзбекстан мен Үндістан үздік шықты. Олардың әрқайсысы айына 9 тоннадан алтын сатып алған.
Ұлттық банктер де бағалы металдың көп мөлшерін сатып алды:
- Польша – 4 тонна
- Катар – 3 тонна
- Иордания – 2 тонна
- Чехия – 2 тонна
- Түркия – 1 тонна
Бұл ретте Сингапурдың Орталық банкі 12 тонна, Қазақстан Ұлттық банкі 6 тонна алтын сатты.
2024 жылдың І тоқсанындағы Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметі бойынша Қазақстан 310,6 тонна алтынмен әлемде алтын қоры бойынша 17-орында. Мына динамикаға қарасаңыз, Қазақстан алтын қоры 2011-2021 жылдар аралығында тоқтаусыз өсіп, 2021 жылы өзінің шыңына жетті. Алайда ҰБ алтын қордағы саясатына өзгеріс енгізіп, оның үлесін жалпы қордан төмендету үшін алтын қорын біртіндеп сата бастады. 2021 жылдың І тоқсанынан 2024 жылдың осы кезең аралығында алтын қор көлемі 27,4%-ға немесе 85,2 тоннаға азайған.
2024 жылдың II тоқсанында 15 000-ға жуық алтын құйма сатылған. Бұл І тоқсанмен салыстырғанда 22 пайызға аз. Сәуір-маусым аралығында халық екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 779,2 келі 14 752 алтын құймасын сатып алған.