FIDE қазақстандық шахматшылардың дайындығын жоғары бағалады
Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Қазақстандағы білім саласына шахмат ойынын енгізу, сондай-ақ спортшыларды даярлау бастамасын жоғары бағалады. Ол KazChess басшысы Тимур Турловпен елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарын талқылады.
Турлов пен Дворкович «Шахмат білім беруде» жобасы аясында сәуір айында Астана қаласынының №8 мектебіндегі KazChess ашқан шахмат сыныбына барды. Жоба Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және әкімдіктер арқылы жүзеге асуда. Атап айтқанда, бастауыш сыныптардың 20 пайызына шахмат үйрету жоспарланған. 2023 жылдан бастап еліміздің 7 облысындағы 42 мектепте 1-сынып оқушыларына факультативтік пән ретінде оқытылады. Қазірдің өзінде 19 облыстағы 742 мектепті қамтитын тізім жасақталды. KazChess 350 орта білім беру мекемесін қамтуды жоспарлап отыр.
«Шахматты білім саласына енгізу – талантты дамытуға және іріктеуге көмектесетін және сүйікті ойынымыздың танымал болуына ықпал ететін тағы бір бағыт. Біз FIDE ретінде Қазақстан шахмат федерациясының осы саланы дамытуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз», – деді Аркадий Дворкович.
Ол Қазақстан шахмат федерациясының «елде шахматты дамыту ісімен толықтай айналысатынын» нақтылады. Қазақстандық шахматшылардың түрлі жарыстан жүлделі оралуы – осының дәлелі.
Мұғалімдерге арналған курстар ашылады
Турлов бұл бағыттағы жүйелі жұмыс үшін кабинеттерді жабдықтау және шахматты пән ретінде енгізумен қатар, бірінші сыныпқа арналған оқу-әдістемелік кешеннің білім беру мазмұны дайындалып, мектептерге әдістемелік көмек беру мақсатында шахмат сыныбының онлайн платформасы әзірленгенін атап өтті. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің мақұлдауын күтіп тұрған жобаның бірі – мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсын ашу жоспарлануда. Жалпы көлемі 72 академиялық сағатты құрайтын курс онлайн, офлайн режимде және қазақ, орыс тілдерінде жүргізіледі.
Тамыз айының соңында FIDE-мен бірлесіп «Білімдегі шахмат» халықаралық конференциясын өткізу жоспарлануда. Оған Испания, АҚШ, Венгрия, Армения және Түркиядан келген сарапшылар қатысады, олар тәжірибе бөліседі және 100-ден астам мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының басшылары сөз сөйлейді. Мұндай іс-шара сәуір айында ұйымдастырылды.
FIDE ұйымымен бірге Азия елдерінде жоба ұйымдастырады
Биыл FIDE қолдауымен Азия елдерінде шахматты дамыту жобасы – Freedom Asian chess инициативалары іске қосылды. Қазақстандық тренерлер тәжірибелерімен бөлісіп, семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізуде. 2024 жылдың соңына қарай жоба бес мемлекетті – Оман, Шри-Ланка, Камбоджа, Тәжікстан және Непалды қамтиды.
ҚШФ атақты шахматшыларды Қазақстанға шақыруда. 3 тамызда атақты болгар шахматшысы Нұргүл Сәлімова Астана IT университетінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен ойнады. Шара Астанада өтіп жатқан рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатына орай ұйымдастырылды. Чемпионға қарсы тақтаға 12 бала отырды. Диагноздарына қарамастан (көру, есту қабілетінің бұзылуы, аутизм спектрінің бұзылуы, церебральды сал ауруы, жүрек ақауы және т.б.) балалар шахматқа құмар екенін және лайық дәрежеде ойын көрсетті.