Әлемдік акциялар нарығы жаңа аптаны қарқынды сатылыммен бастап отыр. Жұма, 2 тамыз күні, АҚШ-та жұмыспен қамту көрсеткіштерінің күрт баяулағаны туралы мәліметтер «Америка экономикасы рецессияға ұшырауы мүмкін» деген күдік-күмәнді күшейтіп жіберді. Трейдерлер ФРЖ-ның мұндай жағдайға тым баяу әрекет етіп отырғанына алаңдаулы.
14:14 CET Еуропалық қор нарықтарының сессия ашылуының алғашқы сатылымынан кейінгі шамалы тұрақтылығы сейіліп, қайтадан құлдырауға бет алды деп атап өтті Bloomberg. Британдық FTSE 100 индексі 2,7% жоғалтты. Бұл 2023 жылғы наурыздағы банк дағдарысынан кейінгі ең жоғары құлдырау болып отыр. Stoxx 600 3,2%-ға кеміді, бұл 2022 жылдың наурызынан бергі ең нашар нәтиже.
Америкалық NASDAQ 100 индексінің фьючерстері 5%-ға, S&P 500 фьючерстері 3,5%-ға төмендеді.
13:34 CET BMI (Fitch Solutions құрылымы) сарапшыларының пікірінше, нарықтағы билік «бұқалардың» иелігінен «аюларға» өтті деп жаһанға жар салуға әлі ерте. Barron’s:«Құбылмалылықтың күрт өсуі – тәуекел активтері шамадан тыс сатып алынған кезде болған макроэкономикалық және нарықтық сілкіністердің қуатты дауылының нәтижесі», – деп ВМІ сарапшыларына сілтеме жасады. Олардың пікірінше, 5-10% деңгейіндегі түзетулер «бұқа» нарықтарында жиі кездеседі әрі құбылмалылық шілде мен қазан аралығында күшейе түспек.
12:54 CET Трейдерлер ФРЖ әрекет ету үшін жоспарда тұрған келесі отырысты күтпей-ақ ставкаларды көтереді деп санайды. Баға ұсыныстары осы аптада ФРЖ мөлшерлемесінің ширек тармаққа төмендеу ықтималдығы 50%-дан жоғары екенін көрсетті деп жазды Bloomberg. Дегенмен ФРЖ мөлшерлемені кезектен тыс өзгерту шарасын өте сирек әрі тек елеулі тәуекелдер болған жағдайда ғана қолданады. Мұндай жағдай соңғы рет коронавирус пандемиясы басталған тұста болған еді. Жоспар бойынша ФРЖ-ның келесі отырысы 18 қыркүйекте өтуге тиіс.
12:44 CET Нарықтар құлдырауды жалғастырып жатқанда кейбір инвесторлар жеңілдіктерді қалай пайдалану керек екенін ойлана бастады. Швейцарияның Lombard Odier жеке банкінің бас экономисі Сами Чаардың пікірінше, рецессияға қатысты алаңдаушылық асыра айтылып отыр. Ол облигациялардағы пайданы белгілеуді және түскен қаражатты америкалық немесе жапониялық акцияларға салуды ойластыру үстінде. «Бәлкім, бұған әлі ерте де шығар. Дегенмен біз осыған ниет етіп отырмыз», – деді WSJ экономисі.
12:38 СET VIX нарықтық құбылмалылық индексі өсуін жылдамдатты. Мұны «Уолл-стриттің қорқыныш индексі» деп те атайтынын еске сала кетейік. Қазіргі уақытта аталған индекс 50,01 тармаққа жетті. Бұл алдыңғы сауда-саттық жабылған кезден 114%-ға артық. VIX индексі соңғы рет 2020 жылдың наурыз айында пандемияның алғашқы күндерінде ғана 50-ден жоғары болған-ды.
12:34 CET Әлемдік құлдырау жағдайында Robinhood трейдинг алаңы тәулік бойғы сауданы тоқтатты деп жазды Investing.com Barchart инвесторларына арналған платформа хабарламасына сілтеме жасай отырып. Robinhood акциялары премаркетте шамамен 9,5% құлдырады.
12:24 CET Bloomberg атап өткендей, алтын өзінің соңғы рекордтық деңгейіне жақындағанымен, үлкен құлдыраудан құтылды. Бағалы металдарға деген қысым қор нарықтарындағы сатылымның күшеюіне жол ашуы мүмкін. Кейбір трейдерлер басқа активтер бойынша маржа талаптарын жабу үшін алтындағы позицияларын жоюға мәжбүр болуы да ықтимал. Екінші жағынан, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі және ФРЖ ставкасының төмендеуін күту алтынның құнына әжептәуір қолдау болмақ.
12:15 CET Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне шамамен 2,2%-ға – 75,16 долларға дейін төмендеді. Егер дәл осы қалпында қала берсе, 2024 жылдың басынан бергі сессияны жабудың ең төменгі деңгейі тіркелмек. Алайда Bloomberg атап өткендей, мұнай басқа активтер сияқты аса бір зардап шеккен жоқ: шығындар Таяу Шығыстағы Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің «шаңын» баспақ.
Еуропалық табиғи газ фьючерстері өткен аптадағы раллиден кейін 4,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар газ трейдерлері Иранның Израильге соққы беруі нарыққа қалай әсер етуі мүмкін деген дүдәмал күйде отыр деп жазды Bloomberg. Бірақ жалпы тұрақсыздық геосаяси тәуекелдерді уақытша басып тастаған сыңайлы.
12:10 СET Америкада негізгі сессия ашылғанға дейін алдын-ала сауда-саттық жүріп жатыр. Ең ірі чипмейкер Nvidia акциялары 9%-ға құлдырады, Alphabet, Amazon және Microsoft қағаздары 4%-дан, Meta және Tesla 6%-дан жоғалтты. Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы портфеліндегі құнды қағаздарының жартысынан астамынан құтылғаны туралы ақпарат Apple акцияларын 8%-ға төмендетіп жіберді. Бұл 5 тамыз, дүйсенбі, Apple үшін 2020 жылдың наурыз айынан бергі кезеңдегі ең жаман күн болуы мүмкін, деп санайды WSJ. Bloomberg атап өткендей, бұл жеті акция Nasdaq 100 индексінің шамамен 43%-ын құрайды.
11:45 CET Акциялар мен басқа да тәуекелі жоғары активтердің жаһандық жаппай сатылымы АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің экономикадағы әлсіреу белгілеріне тым баяу жауап беретінін көрсетіп отыр. Осының салдарынан ставканы барынша төмендеуге, сөйтіп келеңсіздіктің орнын толтыруға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл туралы Financial Times жазды. ФРЖ инфляцияны бәсеңдетуге назар аударған шақта, еңбек нарығындағы жағдай нашарлады: жұма, 2 тамыз күні шыққан статистика шілде айында әу баста жоспарланған 175 мың жұмыс орнының орнына небәрі 114 мың жұмыс орны құрылғанын көрсетті. Бұл – 2021 жылдың қаңтарынан бері алғандағы ең нашар көрсеткіш. Жұмыссыздық деңгейі 4,1%-дан 4,3%-ға дейін өсті.
Goldman Sachs сарапшылары алдағы 12 айда АҚШ-тағы рецессия ықтималдығын 25% деңгейінде бағалап отыр. Олар ФРЖ қыркүйек, қараша және желтоқсан айларында мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетеріне сенімді. Бірақ тамыздағы жұмыспен қамту статистикасы шілде айындағыдай көңілге қуаныш ұялатпаса, қыркүйекте бірден 50 базистік тармаққа кемуі де мүмкін. JPMorgan неғұрлым пессимистік болжам ұсынып отыр. Оның сарапшылары рецессияның ықтималдығын 50%-ға бағалаған. Қыркүйек айында 50 базистік тармаққа, ал қараша айында тағы да дәл осындай мөлшерде төмендейді деп болжам жасаған, деп хабарлады Reuters.
11:30 CET Инвесторлар баспана валютасы ретінде қарастыратын иеннің долларға шаққандағы бағамы дүйсенбіде 3%-ға өсті. Жапон валютасы шілденің ортасынан бастап шамамен 12%-ға нығайды.
11:15 СET Бұл жағдай криптоинвесторларды айналып өтпеді. Биткоин бағасы ақпан айынан бері алғаш рет 18%-ға – 50 мың долларға дейін төмендеді.
10:55 CET Фьючерстер жаппай сатылым әзірге қою түннің құшағында жатқан АҚШ-қа да таралуы мүмкін екенін көрсетті, деп жазды Financial Times. Dow Jones Industrial Average «көгілдір фишкалар» индексінің фьючерстері шамамен 1,5%-ға, америкалық акциялар нарығының негізгі бенчмаркі S&P 500 – 2,1%-ға, ал Nasdaq 100 индексі 3,4%-ға төмендеді.
10:45 CET Нарықтың құбылмалылығын көрсететін VIX қорқыныш индексі 2020 жылдың маусымынан бері ең жоғары деңгейге көтерілді, деп жазды Bloomberg. Дегенмен, көрсеткіш ең жоғары деңгейінен әлі қашықта жатыр: пандемияның басында және 2008 жылғы дағдарыс кезінде VIX индексі 80-нен жоғары көтерілген болатын, деп еске салды The Wall Street Journal.
10:30 CET Еуропалық нарықтар құлдыраумен ашылды. Сауда-саттық басталғаннан кейін Stoxx Europe 600 еуропалық акциялар индексі 1,8%-ға төмендеді. Британдық қор биржасының FTSE 100 индексі 1,7%-ға, француздық CAC 40 – 2,1%-ға, испандық IBEX 2,8%-ға кеміді.
10:00 CET Азия қор нарықтары дүрбелеңге толы жаппай сатылымның алғашқы соққысын қабылдап үлгерді. Жапондық Nikkei 225 және Topix индекстері 12%-ға құлдырады. Бұл 1987 жылғы «қара дүйсенбіден» кейінгі ең сұмдық құлдырау болып отыр. Nikkei индексі бір күнде 4451,28 тармақ жоғалтты. Бұл – тарихи рекорд. Оңтүстік Кореяның негізгі қор индексі KOSPI сессияны 8,77% төмендеумен жапты. Құбылмалылық күшейгендіктен Токио мен Сеулде сауда-саттық автоматты түрде біршама уақытқа тоқтатылды. Дүрбелең аз да болса Қытай, Аустралия және Үндістан нарықтарында да қылаң берді. Қытайлық CSI 300 «көгілдір фишкалар» индексі 1,2%-ға, Shanghai Composite – 1,5%-ға төмендеді. Гонконгтың Hang Seng индексі де 1,5%-ға кеміді. Аустралиялық S&P/ASX индексі 3,7% жоғалтты. Үндінің Sensex индексі 2,9%-ға төмендеді.
* CET уақыты (орталық еуропалық) Қазақстаннан үш сағатқа артта.
Жаңартылып жатыр…