Қор нарығына шолу: Баффет Apple акцияларын сатып жатыр, АҚШ нарығындағы ротация, Қытай экономикасын қолдау жоспары

Жарияланды
Қор нарығына шолу / REUTERS/Lucas Jackson/File Photo

АҚШ-тың қор нарығы үлкен өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Ірі технологиялардағы капитал ағыны шағын компанияларға жылыстау үстінде. Әрі бұл үдерістің жаңа секторларды да жаулап алып жатқан жайы бар. Сонымен қатар Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway конгломераты бірінші жартыжылдықта Apple акцияларының жартысынан көбін сатып жіберді. Осы және өзге де тақырыптарды арнайы шолуымыздан оқи аласыздар.

Berkshire Apple-дегі үлесін азайтып, қаржылық қорын едәуір қампайтты

Атақты инвестор Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway конгломераты 3 тамыз күнгі тоқсандық есебінде өзіне тиесілі Apple компаниясының 390 миллион акциясын сатып жібергенін хабарлады. Бірінші тоқсанда Berkshire 115 миллион акцияны сатқан еді. Ал мамыр айында Баффет «Аpple-дің шынайы жанкүйері болып қала беремін» деп мәлімдеді. Қалай десек те Berkshire Hathaway иелігіндегі Apple акцияларын едәуір азайтты. Әуелде акция көлемі шамамен 400 миллионды құраған еді.

Қор екінші тоқсанның қорытындысы бойынша шоттарда шамамен 277 млрд доллар көлемінде қолма-қол ақша жинады. Ал екінші тоқсандағы пайдасы 15%-ға, бір жыл бұрынғы деңгейден (10,04 млрд доллар) айтарлықтай өсіп, 11,6 млрд долларға жетті. Бұл соманың жартысына жуығы Berkshire-дің сақтандыру компанияларынан түскен. Berkshire жеті тоқсан бойы акцияны сатып алғанның орнына оны көбірек сатып отыр.

Аталған қор сатып алуға лайықты акциялар табылмаса, көп көлемде қолма-қол ақша жинап алуға тырысады. Әрі мұндай қадамды сарапшылар да тиімді деп санайды. Дегенмен бұл жағдайдың кері әсері де болуы мүмкін. NYT-тің жазуынша, мұндай стратегия АҚШ экономикасына қауіп төнгенін білдіруі де мүмкін.

Өткен аптада АҚШ-та жұмыспен қамтудың баяулағаны, жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың қазан айынан бері ең жоғары шекке жеткені туралы мәліметтер жарияланды. Сондықтан сарапшылар 2024 жылдың қыркүйегінен ФРЖ ставкалары бірнеше рет төмендеуі мүмкін деген болжамды алға тарта бастады.

Apple инвесторларын Баффеттің үлесті азайту туралы жаңалығына мән бермеуге шақырды

Бәзбіреулер үшін Berkshire Hathaway компаниясының Apple-дегі үлесін сатуы iPhone өндірушісіне деген сенімсіздік секілді боп көрінуі мүмкін. Бірақ Уолл-стриттегі сарапшылардың көбі инвесторларды бұл жаңалыққа аса мән бермеуді сұрап, сабырлы болуға шақырып отыр деп жазды Bloomberg.

Атап өтерлігі, акциялар қор нарығындағы қарқынды өсу кезінде сатылып отыр. Бұл ретте 2024 жылдың басынан бері Apple акциялары 23%-ға көтерілгенін ұмытпайық. Баффет алғаш рет 2016 жылы Berkshire-ге Apple-ден үлес алып берді. Содан бері оның акциялары 900%-ға жуық өскен.

«Баффеттің Apple-дегі үлесін азайтуы тәуекелдерді басқару мәселесіне қатысты болып отыр. Егер Apple-дің алдағы жағдайы қандай да бір алаңдаушылықты тудырса, Баффет барлық позициядан біржола бас тартар еді ғой», – дейді Integrity Asset Management компаниясының аға менеджері Джо Гилберт.

Berkshire портфеліндегі деректер Apple-дің тоқсандық нәтижелері жариялағаннан кейін бірнеше күн өткен соң жұртшылыққа жария болды. Бұл кірістің өсу жолына түскенін және жаңа ЖИ мүмкіндіктері келесі тоқсандарда iPhone сатылымын арттыратынын анық көрсетті.

Қалай десек те, Apple Berkshire-дің ең негізгі позициясы болып қала береді. CFRA аналитик-зерттеушісі Кэти Сейферт: «Егер сіздің де қолыңызда дәл осындай үлкен позиция болса, кейбір пайданы белгілеп, шоғырлану қаупін сейілту қисынды болар еді», – дейді.

АҚШ-тағы ротация: қор нарығы енді қайда бет алмақ?

Инвесторлардың шағын компанияларға деген қызығушылығы төмендеп келеді. Дегенмен тұтастай алғанда нарықтағы ротация, яғни капиталдың ірі технологиялардан басқа секторларға ауысуы жалғасып жатыр деп жазды Bloomberg. Өткен аптаның қорытындысы бойынша коммуналдық компаниялар мен жылжымайтын мүлік қорларының бағалы қағаздарына деген қызығушылық жоғары болды. Инвесторлар өткен аптада бұларға жалпы 1 млрд долларға жуық инвестиция салды.

Мұндай «қозғалысқа» АҚШ экономикасы және еңбек нарығы туралы статистика серпін берді. Бұл рецессия үрейін үдетті. Нәтижесінде Nasdaq 100 индексі түзету аймағына енді, ал S&P 500 индексі екі күнде 3,2% жоғалтты. Бұл оның 2023 жылдың наурызынан бергі ең нашар екі күндік кезең болып тіркелді.

Енді ставкалардың төмендеуі көп күттірмеуі мүмкін. Ал қазынашылық кірістілігі төмендейді. Инвесторлар құбылмалылығы төмен дивидендтік акцияларға инвестиция салады. Акциялар бұдан да көп зардап шегуі мүмкін. Өйткені АҚШ-тың қор нарығы үшін жылдың ең тиімсіз кезеңі – тамыз және қыркүйек айлары басталады.

Сондай-ақ құбылмалылық та күшейе түсті. Cboe құбылмалылық индексі жұмада 29,66-ға көтерілді, бұл межеге 2023 жылдың наурызынан бері жете алмай келген еді. Алайда инвесторлар хеджирлеу үшін ықтимал сатылымнан әлі де төлемейді. Опциондар нарығындағы келісімшарттар қазіргі уақытта 10% өсімнен пайда әкелетін опциондардан 1,9 есе жоғары, делінген Bloomberg деректерінде.

Susquehanna International Group деривативтер бөлімінің тең құқылы басшысы Крис Мерфи: «Бұл сатылым дүрбелең емес, бар болғаны «көбік» акциялар нарығын қайта жүктеу ғана», – деді.

Бигтехтің ЖИ-ге салған инвестициясының көп бөлігі тікелей Nvidia-ға бағытталып жатыр

Екінші тоқсандағы америкалық компаниялардың есептерін талдаған Уолл-стрит стратегтері технологиялық компаниялардың жасанды интеллект жобаларына жұмсаған күрделі шығындары бір ғана компанияға – Nvidia-ға бағытталып жатқанын атап өтті. Nvidia кірісінің 40%-дан астамы Microsoft, Meta, Alphabet және Amazon компанияларынан түсіп отыр деп жазды Yahoo Finance.

Microsoft корпорациясының ЖИ-ге жұмсаған шығындарының көп бөлігі (45%-ы) Nvidia кірісінің 19%-ын құрайды. Басқа компаниялар чиптерді сатып алуды әртараптандыруға тырысады. Мысалы, Alphabet-те Nvidia чиптерінің үлесі шығындардың 15%-ына тең. Сарапшылар бигтехтің ЖИ саласындағы жобаларға үлкен шығындар жұмсауы кезінде инвестициялардың қашан табыс көзіне айналатынын ғана айтады.

Қытай ішкі тұтынуды ынталандыру бағдарламасын іске қосады

ҚХР Мемлекеттік кеңесі сенбіде елдің әлсіреген экономикасына көмек көрсетудің 20 басым шарасы туралы хабарлады деп жазды Bloomberg. Тұтынушылық шығындарды ынталандыруға және қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда, алып кету пунктері, электронды коммерция салаларын қолдауға баса назар аударылады.

Шілдеде елдің экономикалық өсімі тұтыну шығындары мен экспорттың төмендеуіне байланысты күтпеген жерден баяулады. Үкімет қызмет көрсету саласындағы микро және шағын кәсіпорындарға қаржылық қолдауды арттырмақ. Сонымен қатар жеке тұлғаларға табыс салығы бойынша қосымша шегерімдер енгізеді. Оларды үш жасқа дейінгі балаларға қамқорлық жасайтындар алады, яғни оқуы үшін төлейді.

Сондай-ақ Бейжің туристік демалыстың жаңа бағыттарын дамытуды ынталандыруды жоспарлап отыр. Тұтынушылық қызметтерді несиелік қолдау да қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз