«Қазақстан» шоколадымен танымал «Лотте Рахат» акционерлік қоғамы KZ000A1CTMZ4 қарапайым акциясы бойынша 2023 жылға 2,5 млрд теңге төледі. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында орналастырылған хабарламада жазылған.
Компания бір қарапайым акцияға 725,00 теңге мөлшерінде дивиденд бөлген. Төленген жалпы дивиденд сомасы – 2 531 147 550,00 теңге. Қаражат акционерлердің есепшотына 13 мамыр мен 29 шілде аралығында аударылған.
Биыл төленген дивиденд сомасы былтырғымен шамалас. Компания 2022 жыл үшін акционерлеріне 2,43 млрд теңге аударған.
«Лотте Рахат» 2023 жылы 21 млрд теңгеге жуық кіріс алып, 8,7 млрд теңге таза пайда тапқан. Осы кірістің жартысына жуығы шоколад сатудан түскен. Компанияның жиынтық активтері 73 млрд теңгені құраса, міндеттемелері 8,5 млрд теңгеге тең.
Компания 10 еншілес кәсіпорынға иелік етеді. Меншігінде Шымкенттегі кондитерлік зауыт, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын жеті компания және бір көлік компаниясы бар.
«Рахат» кондитер фабрикасының негізі 1942 жылы құрылған. Кәсіпорын кондитерлік және басқа да азық-түлік өнімдерін өндіру және сатумен айналысады. Компания өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Германия, Ауғанстан, Әзербайжан елдеріне экспорттаған.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстанда ауқатты адамдардың дастарханында «Рахат» компаниясының кәмпиті тұратынын айтқан.
2013 жылы «ЛОТТЕ Рахат» АҚ акцияларының негізгі пакетін Оңтүстік Кореяның «Lotte Confectionery» кондитерлік компаниясы иеленді. Ал 2019 жылы «LConfectionery» «Лотте Рахат» АҚ-ның айналымдағы акцияларын сатып алып, өз үлесін 95,5656%-ға дейін жеткізді. Қалған 4,43 пайыз акциясы жеке акционерлер арасында айналымда жүр. 2021 жылы сәуір айында «Лотте Рахат» акционерлік қоғамы болып қайта аталған.