«Самұрық-Қазына» қоры жыл басынан бері 8 трлн теңге кіріс алған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Самұрық-Қазына» қоры қанша кіріс алғаны белгілі болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор

«Самұрық-Қазына» қоры жыл басынан бері 8 трлн теңге кіріс алған. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қор басшысын қабылдаған.

Нұрлан Жақыпов қор қызметінің биыл бірінші жартыжылдықтағы негізгі қорытындысын таныстырған. Басқарма төрағасының айтуынша, қордың кірісі 7,9 триллион теңгені құрады. Бұл белгіленген жоспардан 7 пайызға артық.

Қазір «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53,5 триллион теңге болатын 130-дан астам жоба бар. Мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, логистика салаларында және тау-кен өнеркәсібінде жүзеге асырылатын жобалар ел экономикасына мультипликативті әсер етпек.

«Қор тікелей шетелдік инвестицияның катализаторына айналды. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, энергетика, көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру салаларындағы жобаларға шетелдік серіктестерімен бірлесіп инвестиция құяды», – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Қор жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берген.

Қордың 2023 жылғы жалпы кірісі  15,4 трлн теңгені құраған. Қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Айдар Рысқұловтың айтуынша, 2023 жылы еншілес компанияларының кірісі 4%-ға өскен. Активтер өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан. Алайда таза пайдасы былтыр 10,3%-ға азайып, 2,12 трлн теңгені құрады.

Жақында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Самұрық-Қазына» қорының активтері жыл сайын 1,8 трлн теңгеге құнсызданатынын мәлімдеді.

2008 жылы құрылған «Самұрық-Қазына» қорының жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі.. Қор елдегі ең ірі стратегиялық компанияларды басқарады. Олардың қатарында Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар.

Сондай-ақ оқыңыз