Ресей азаматтығын алып алған «Бипэк Авто – Азия Автоның» иесі Өскеменде сырттай сотталып жатыр
Өскеменде «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниясының иесі Анатолий Балушкин мен «Азия Авто» бас директоры Ерік Сағымбаевқа қатысты сырттай сот басталды. Сот ісіне бірінші BesMedia басылымы назар аударды.
Сот кабинетіндегі іс материалдарына сүйенсек, екі сотталушы Ресейде болғандықтан, іс сырттай қаралады. Жәбірленуші ретінде First Heartland Jusan Bank АҚ және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) танылды.
Анатолий Балушкин Қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру) бойынша айыпталып отыр.
Ерік Сағымбаевқа Қылмыстық кодекстің 190–бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 245-бабы (ұйымнан салық немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару) бойынша айып тағылып отыр.
Сотталушылар Ресей азаматтығын алғандықтан, істі көрші елде қарау туралы өтініш айтқан. Алайда жәбірленушілер мен прокурорлар қарсылық білдіріп, сот істі Өскеменде қарау туралы шешім шығарған.
Іс материалдарына сүйенсек, Балушкин 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне Қазақстан азаматтығынан шыққаны жайлы ескерткен. Ол 2021 жылы Ресей азаматтығын алған. Сағымбаев 2022 жылы Ресей Федерациясы азаматтығын алған. Екеуі де қазір Санкт-Петербургте тұрады.
«Бипэк Авто Қазақстанның» негізін 1992 жылы кәсіпкер Анатолий Балушкин қалаған. Кейіннен компания «БИПЭК Авто – Азия Авто» холдингіне айналды.
2020 жылы компания қиындықтарға тап болды. Индустрия министрлігі компаниямен келісімшартты бұзып, 174 миллиард теңгені қайтаруды талап еткен. Бұл компания алған түрлі жеңілдік көлемі. 2021 жылдың наурыз айында акционерлік қоғамда жаппай қысқарту орын алып, өндіріс ақыры тоқтады. Бірақ акционерлер бюджет шығындарының орнын толтыруға асықпаған.
Компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкинге 2021 жылы іздеу жарияланған, оның шетелге кетіп қалғаны белгілі. Сол кезде кәсіпорын мемлекетке 174 млрд теңге қарыз еді.
2023 жылы қарашада Жоғарғы Сот «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның «БИПЭК АВТО Қазақстан» АҚ-на, «ОНК» ЖШС-на «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ-ның 899 999 акциясын сатып алу-сату туралы шартты жарамсыз деп тану туралы кассациялық өтінішхатын және талап қоюын қанағаттандырған.
«Бипэк Авто Қазақстан» 49 жылға жалға алған 170 гектар орман алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты осындай шешім шығарған.