Нарық Air Astana акцияларын бағалайды деген үміттеміз – Питер Фостер
IPO-ға шығарылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Air Astana акцияларының құны шашамен 30%-ға төмендеді (бір акция үшін 1190 теңгеден 828,9 теңгеге дейін). Дегенмен сарапшылар мен Ұлттық банк оларды сатып алуға кеңес беріп, құнды қағаз бағасы 50%-ға дейін қымбаттайды деп болжап отыр. Әуе компаниясының басшысы Питер Фостер «Курсивке» берген сұхбатында нарық компанияның қаржылық және операциялық нәтижелерін бағалайды деп үміттенетінін жеткізді.
Фостер акциялардың қазіргі нарықтық бағасы компанияның операциялық және қаржылық көрсеткіштерін көрсетпейтінін атап өтті.
«Айта кететін жайт, біз 23 жылға жуық тарихы бар, көрсеткіштері тұрақты әуе компаниясы туралы айтып отырмыз. Сарапшылар компанияның операциялық және қаржылық нәтижелерін өте жоғары бағалайды. Акция бағасы осы көрсеткіштерден кейін өседі деп үміттенеміз. Біз маркет-мейкерлер немесе биржа брокерлері емеспіз. Біз өз жұмысымызды барынша жақсы істейміз және нарық мұны кез келген басқа компания сияқты бағалайды деп үміттенемін», – деді Питер Фостер.
Ол Орталық Азия аймағындағы экономикалық өсу перспективаларына да назар аударған жөн деп есептейді.
Бұған дейін әуе компаниясы 2024 жылдың қаңтар-маусымы аралығындағы қорытынды есебін жариялады. Алғашқы алты айдың нәтижесі бойынша компанияның шоғырландырылған кірісі 12,9%-ға артты. Air Astana бір жыл бұрынғы 519,1 млн доллармен салыстырғанда 586,2 млн доллар табыс тапты. Ең жоғары жолаушы километрінің саны бірінші жартыжылдықта 11,8%-ға өсті. Ал максималды жолаушылар километріне шаққандағы кіріс 1%-ға артты.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың бірінші тоқсанында компанияның түсімі мен басқа да кірістері 2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 13,3%-ға өсіп, 264,7 млн долларды құраған. Тасымалданған жолаушылар саны 18,5%-ға ұлғайып, 1,9 млн адамға жетіп, жүк тиеу коэффициенті 81,2%-ға жетті.
2024 жылғы ақпан айында әуе компаниясы IPO өткізіп, нәтижесінде 120 млн доллар тартты. Кейін Air Astana Қазақстанның биржаларында сатылған акцияларын кері сатып алатынын хабарлады.