Жаңалықтар

Әлемдік биржаларда болған дүрбелең Қазақстан сауда алаңдарына ықпал етті ме? Сарапшылар жауап берді

Әлемдік биржалардағы жағдай Қазақстанның сауда алаңдарына қалай әсер етуі мүмкін? / Фото: shutterstock

2024 жылғы 5 тамызда Ыстамбұл қор биржасының негізгі индексі Borsa Istanbul 100 (BIST 100) 7%-ға құлдырады. Содан кейін биржа сауда-саттықты уақытша тоқтатты. Бұған дейін Токио биржасының негізі индексі 12,4%-ға төмендеп кеткен. Мұндай құбылу Қазақстан биржаларына қалай әсер етуі мүмкін? Халықаралық сауда алаңдарының жұмысындағы кідірістер әлемдік экономикаға қатер төндірмей ме? Бұл сұрақтарға Freedom Finance Global, Dasco Capital және Halyk Finance компаниясының талдаушылары жауап берді.

Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Абуев Ыстамбұл мен Жапония биржасында болған жағдай Қазақстан нарығына аз да болса әсер ететінін айтады.

«Біз әлемдік қор нарығының бір бөлігі және дамушы ел болғандықтан, сыртқы нарықтағы құбылмалылық KASE-ге қаржылық ағындар мен инвесторлардың көңіл-күйі арқылы әсер етеді», – деп есептейді сарапшы.

Басты сұрақ Қазақстан нарығы мен Азия, Еуропа және АҚШ биржалары арасындағы байланыс қаншалықты күшті?

«KASE әлемдік биржалардың құлдырауына қатысты шектеулі инерцияны көрсетеді. Яғни әлемдік индекстер төмендесе, жергілікті нарық та төмендейді. Бірақ аздап қана. Бізде азиялық қор биржаларында болғандай жағдай қайталанады деп ойламаймыз. Бірақ еуропалыққа ұқсас құлдырауды көрсетуі мүмкін. Бұл жағымсыз әсер Лондон қор биржасында сатылатын біздің GDR арқылы және Америка биржаларда сатылатын ADS Kaspi арқылы ықпал ету мүмкін. Нарықтағы жағдайдың қанша уақытқа созылатынын қазір айту қиын. Бірақ KASE үшін 4900 тармақ төңірегінде сәуірдегі ең төменгі деңгейден төмен түспеу маңызды», – деп түсіндірді Аңсар Абуев.

Halyk Finance бас талдаушысы Әмір Ақтанов АҚШ қор нарығындағы жағдай Азия нарықтарына әсер етті деп есептейді. Оның пайымынша, ең жылдам төмендеу қарқыны Жапонияның Nikkei 225 индексінде тіркелді. Мұның бәрі қазақстандық нарыққа қысым жасап отыр.

«Жапон индексі 2 тамыз 5,8%-ға төмендеп, 5 тамыз құлдырауын 12,4%-ға дейін жеделдетті. Осылайша, Nikkei 225 жыл басынан бері теріс нәтиже көрсетті (-6,0%). Бір қызығы, бұл екі күнде «күншығыс елі» индексінің ең күрт құлдыру қарқыны байқалды.
Еуропалық индекстер қазір 3,3% шегінде тұр. Қазірдің өзінде әлемдік сатылым қазақстандық нарыққа қысым жасауда», – деп есептейді сарапшы.

Бұған қоса талдаушы Қазақстан қор индексіне мұнай, уран, мыс және басқа да шикізат бағасының төмендеуі қысым жасап отырғанын айтады.

«Сонымен бірге KASE индексі шілде айындағы ең жоғары деңгейден америкалық, еуропалық және азиялық индекстерге қарағанда баяу қарқынмен түзетілгенін атап өткім келеді. Нарықтардағы жағымсыз көңіл-күй ұзаққа созылса не болады? Мұнай, уран және басқа да тауарлардың бағасы қалпына келе алмай, қазақстандық эмитенттер қысқамерзімді перспективада құлдырай түседі», – деп атап өтті маман.

Ал Dasco Capital компаниясының инвестициялық менеджері Нұрсұлтан Мұхамедкәрімов бұл дүрбелең дер кезінде болды деп есептейді. Алайда нарықтар тұрақтылығын сақтап қала ма әлде одан әрі құлдырай ма?

«Айту қиын, көп нәрсе әртүрлі факторларға байланысты: ФРЖ саясаты, инвесторлардың болжамы, Таяу Шығыстағы ықтимал соғыс және т.б. KASE бағамының төмендеуінің нақты себептері бар ма? Бұл жерде АҚШ-тағы рецессия басқа елдерге әсер ете ме, жоқ па, соны түсінуіміз керек. Менің ойымша, бұл рецессия соншалықты күрделі болмайды. Өйткені ол негізінен ФРЖ-ның жоғары инфляцияға қарсы күресін көрсетеді. Екіншіден, доллар бағамы не болады және KASE индексінен компаниялардың кірістері мен міндеттемелері қай валютада болады», – деп атап өтті инвестициялық менеджер.

Компания өкілінің айтуынша, тарихи тұрғыда құлдырауларға «ең сезімтал» – қазіргі уақытта өте жоғары деңгейде сатылатын технологиялық компаниялардың акциялары.

Еске сала кетсек, 5 тамыз Ыстамбұл қор биржасының негізгі индексі Borsa Istanbul 100 (BIST 100) 7%-ға құлдырады. Бұған дейін Токио биржасының негізі индексі 12,4 пайызға құлдырап, 1987 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке жеткен. 

Сонымен қатар әлемдік нарықта биткоин мен алтын бағасы да төмендеді.