Илон Масктың миға арналған чиптер жасайтын Neuralink Corp. компаниясы оны адамның миына екінші рет имплантациялады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Илон Масктың айтуынша, арнайы ота сәтті өткен.
«Екінші имплантты орнату бойынша ота жақсы өткен сияқты. Екінші науқастың миындағы импланттың 400 электроды жұмыс істеп тұр», – деді танымал кәсіпкер.
Сондай-ақ ол екінші еріктінің жұлыны жарақаттанғанын хабарлады. Бұған дейін миына чип имплантталған бірінші адамның да жұлыны жарақаттанған.
Neuralink басшысы екінші науқастың миына чипті имплантациялау отасының қашан жасалғанын жарияламады. Дегенмен ол Neuralink клиникалық сынақтары аясында осы жылы тағы сегіз адамның бойына чип импланты қойылатынын атап өтті.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың қаңтар айының соңында Neuralink алғаш рет адам миына имплант орнатқанын хабарлады. Бұл Нолан Арбау еді – сегіз жыл бұрын ол сал болып қалған еді. Маск алғаш адам миына енгізілген чиптің Telepathy деп аталатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құрылғы көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өз ойын тез жеткізе алады.
Financial Times ақпаратына сүйенсек, Маск нарық көшбасшысы-ChatGPT чатботын жасаған OpenAI компаниясымен бәсекелесуге ниетті.