Жаңалықтар

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов бастаған дзюдошылар елге оралды

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов бастаған дзюдошыларымыз елге оралды / фото: коллаж, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдошылар елге оралды. Алматы халықаралық әуежайынан спортшыларды халық ыстық ықыласпен қарсы алды.

Спортшыларды күтіп алу салтанатына елімізге белігілі қоғам қайраткерлер мен спортшылар да келді. Олардың ішінде Амалбек Тшанов, Ермахан Ибраимов, Бейбіт Ыстыбаев, Ислам Байрамуков бар.

Сонымен қатар Алматы қаласының дзюдо федерациясы әуежайдан шыға сала қола медаль алған Ғұсман Қырғызбаевқа жаңа көлікті сыйға тарты.

«Көңіл-күй өте тамаша. Бұлай қарсы алады деп ойламадық, ерекше ықылас», — деді Ғұсман.

Париж Олимпиадасында жүлде алмаса да қазақ жанкүйерлерінің ерекше ықыласына бөленген Абиба Абужақынова алдағы жоспарымен бөлісті.

«Бұл Олимпиадаға толық дайын едім негізі, себебі барлық жарыстан жүлде алып келген спортшы едім. Барлық Қазақстан сенді, бірақ медальге бір қадам қалғанда жеңіліп қалдым. Бұйырмады, келесі Олимпиадада күрессін, тастамасын деп тұрған сияқты. Тағы да күресемін. Үшінші орынға белдескен қыздан бір жеңіліп, бір жеңгенмін. Сондай бір ыңғайсыз қарсылас болды. Кездесудің ортасында тіземді ауыртып алдым. Бірақ сылтау айтқым келмейді. Тәжірибе болды, келесі Олимпиадаға қатысу жоспарда бар, төрт жыл өте шығады деп ойлаймын. Қазақ халқының қолдауын әлі күнге дейін сезініп келемін, көп рақмет!», – деді Абиба.

Айта кетейік, дзюдошылар Олимпиаданың алғашқы екі күнінде бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Алғаш рет Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанды. Сондай-ақ 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін нысана көздеуден қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар спорттық гимнастикадан дәлірек айтқанда, ат үстіндегі жаттығудан Нариман Курбанов күміс медаль жеңіп алды.