Париж-2024: Сена өзенінде тағы дау, спортшылардан инфекция анықталды

Жарияланды 5 Тамыз 2024 14:26

(жаңартылды 5 Тамыз 2024 15:42)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Париж 2024: Сена өзенінде тағы дау, спортшылардан инфекция анықталды / фото: коллаж, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Париж Олимпиадасында швейцариялық триатлоншылар Адриен Бриффод пен Симон Вестерманн ішек инфекциясына байланысты эстафетадан шығып қалды. Бұл туралы Швейцария олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, дүйсенбі, 5 тамыз күні Бельгия құрамасы да аралас эстафеталық триатлонға қатысудан бас тартты. Бельгия триатлоншыларының бірі Клэр Мишель ішек инфекциясын жұқтырып алғаннан кейін жарыстан шығатынын мәлімдеді.

Париж-2024 ойындарын ұйымдастырушылардың айтуынша, жекелей сында триатлон жарысы өтетін күні таңертең Сенадағы судың сапасы жақсы болған.

«Спортшылардың денсаулығы біз үшін бірінші орында. Сенада өтетін жарыстарға келетін болсақ, күн сайын судың сапасына сынақтар жүргізіледі және іс-шараны жалғастыру туралы шешімді Халықаралық Триатлон Федерациясы Париж-2024-пен келісе отырып, нәтижелер мен бірқатар критерийлерге, әсіресе, денсаулық жағдайына сүйене отырып қабылдайды», – делінген хабарламада.

Осы екі жағдайға қарамастан, World Triathlon және Paris 2024 жексенбілік мәлімдемесінде, 5 тамызда аралас эстафеталық триатлон жоспарға сәйкес өтетінін айтып, Сенадағы судың сапасы жақсарғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық триатлоншы Екатерина Шабалина Сена өзенінен жүзіп өтіп, ары қарай велокезеңде өзін жайсыз сезінгеннен кейін, жарысты соңына дейін аяқтай алмады.

Сондай-ақ бұған дейін Парижде Сена өзенінде судың ластануына байланысты Олимпиадаға қатысуы тиіс триатлоншылардың жаттығуы бірнеше рет шегірілген.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарының алдында Париж мэрі Анна Идальго «Сенаның» тазалығын дәлелдеу үшін өзенді жүзіп өткен. 1923 жылдан бастап шомылуға тыйым салынған Сена өзені биыл тазарту жұмыстарынан өтіп, олимпиада ойындарының триатлон және марафондық жүзу бойынша жарыстарды қабылдауға дайын. Ұйымдастырушылар суды бактериологиялық зерттеудің оң нәтижелерін жариялады. 26 маусым мен 4 шілдеде алынған E.Coli соңғы сынамалар мен энтерокок деңгейінің халықаралық стандарттарға сай екенін растады.

Сондай-ақ оқыңыз