Жаңалықтар

Тимур Құлыбаевқа тиесілі мұнай компаниясы мемлекетке 13,6 млрд теңге айыппұл төледі

Құлыбаевқа тиесілі компания ірі көлемде айыппұл төледі / Фото: Olympic.kz, коллаж: Ахтам Зиперов

Атырау облысының прокуратурасы «Каспий нефть» АҚ компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлады. Аталған мұнай компаниясы Joint Resources АҚ-ы арқылы экс-президенттің куйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі.

Бұл ақпарат Атырау облысының прокуратурасының ресми сайтында «Ұлттық қор 13,6 млрд теңгемен толықты» деген тақырыппен жарияланған. Оған сәйкес, бұл айыппұлдың салынуына «Каспий нефть» АҚ-ның экологиялық заңнаманы бұзуы түрткі болған.

«Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану қызметінде құралған 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анықталды», – делінген ақпаратта.

Атырау облстық прокуратуасы істі сотқа жолдаған. Нәтижесінде Атырау облыстық соты 2 шілде күні қаулы шығарған. «Каспий нефть» АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен айыпты деп табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы бойынша қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзуға қатысты жауапкершілік артылады.

Оған сәйкес, «заңды тұлғаларға ластағыш заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін тиісті төлемақы мөлшерлемесінің жиырма мың пайызы мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді». 

Айта кетейік, Қазақстан қор биржасындағы ақпаратқа сәйкес, «Каспий нефть» АҚ акцияларының 100 пайызы Joint Resources АҚ-на тиесілі. Ал Joint Resources компаниясының иесі (акцияларының 100 пайызы тиесілі) – Тимур Құлыбаев деп көрсетілген.

Айта кетейік, Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Resources компаниясы былтыр, 2023 жылы, 39 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылы аталмыш компания 127,6 млрд теңге шығынға батқан еді.