Ұлттық банк алаяқтыққа тән транзакциялар бойынша дерек алмасатын антифрод орталығын іске қосты. Бұл жоба құқық қорғау органдары және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп жүзеге асырылған. Бұл жайлы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Антифрод-орталығы алаяқтық белгісі бар операцияларға қарсы әрекет ету үшін құрылған. Қаржы ұйымдарына алаяқтыққа тән операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операцияларға жедел әрекет етуге, оның қатысушылары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға да мүмкіндік береді. Антифрод-орталықтың жұмысы алаяқтық операциялар бойынша бірыңғай деректер базасын жүргізуді де көздейді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, платформа іске қосылған сәттен бастап қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялары бойынша 400-ге жуық фактіні анықтаған. Нәтижесінде алаяқтық әрекеттермен байланысты 30 миллион теңгеге жуық қаражат бұғатталған.
Антифрод-орталығы ашық бағдарламалық интерфейстер мен бизнес-процестерді автоматтандыруды көздейді. Сонымен бірге технологиялық функционалдылықты кеңейте түспек. Алдағы уақытта күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру мақсатында бұл бағытта жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр.
Ұлттық Банк осы орайда ықтимал алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін Антифрод-орталықтың қызметкерлері мен өкілдерінің ақпарат жинау немесе қандай да бір операция жүргізу мақсатында ешуақытта жеке тұлғаға қоңырау шалмайтынын ескертеді.
«Антифрод-орталық өз қызметі аясында жеке тұлғалармен өзара байланыс орнатпайды, тек қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен жұмыс істейді. Осыған байланысты азаматтарды қырағы болуға және Антифрод-орталығы атынан деп қоңырау шалуы мүмкін алаяқтардың әрекетін елемеуге шақырамыз», – делінген баспасөз хабарламасында.
Алаяқтардың алдау тәсілі
Айта кетейік, алаяқтар өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, халықты алдаудың жаңа тәсілін ойлап тапқан. Олар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етеді.
Сондай-ақ алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің атынан телефон шалады. Арам ниетті алаяқтар сұхбат барысында Қазақстан резиденттерінің банктік шотынан қылмыстық жолмен алаяқтардың қаражат ұрлағалы жатқаны туралы ескертеді. Олар осы мақсатта банктік операциялар тоқтатылғанын мәлімдейді. Ал одан әрі қарай банктік шоттардың реквизиттерін, заңмен қорғалатын және жария етуге жатпайтын құпия деректерін сұрай бастайды.
Сондай-ақ әңгімелесу барысында жәбірленушіге Агенттік атынан жалған құжаттар жіберіледі. Ол құжатта мемлекеттік органның қолы, атауы, мөрі мен реквизиттері орналастырылады. Қоңырау шалушылар өз әрекеттері жайлы ешкімге хабарламауын ескертеді.
Ал 23 шілде күні Мемлекеттік кірістер комитеті алаяқтардың комитет атынан жалған хабарлама тарата бастағанын ескертті.
Комитет хабарлауынша, бұл хабарламалар салық төлеушілердің электронды поштасына «Заң бұзушылықтарды жою туралы ескерту, банктік шоттағы ақшаны пайдаланып бюджетке берешекті өндіріп алу» деген тақырыппен келеді. Осы орайда комитет жеке электронды поштаға хабарлама жібермейтінін, МКК ақпараттық жүйелері хабарламаларды тек «Салық төлеушінің шотына», «Электрондық үкімет» порталының жеке кабинетіне және e-Salyq мобильді қосымшаларына жіберетінін жазды.
Ал мұның алдында Алматы әкімдігі алаяқтардың Досаевтың атынан хат жолдай бастағаны туралы хабарланды. Осыған орай қала әкімдігі тұрғындарды ескертіп, ресми хабар таратты.
«WhatsApp мессенджердегі жалған хабарламаның тарауына байланысты Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атынан келген мұндай хабарламаға жауап бермеуіңізді және сенбеуіңізді сұраймыз. Күмәнді сілтемелерге кірмеген және ақша аудармаған жөн. Бұл сіздің қаржыңызды заңсыз жолмен алу мақсатында жасап отырған интернет-алаяқтардың тірлігі«, – деп ескертті әкімдік.