Жаңалықтар

15 жыл билік тізгінін ұстаған Бангладеш премьер-министрі елден қашуға мәжбүр болды

Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасина отставкаға кетіп, әскерилер уақытша үкімет құрылатынын хабарлады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасина жаппай наразылыққа байланысты отставкаға кетіп, елден қашты. Бұл жайлы Moscowtimes басылымы хабарлады.

«15 жыл билікте болған Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасина бір айдан астам уақытқа созылған жаппай наразылыққа байланысты отставкаға кетіп, елден қашуға мәжбүр болды»,  – деп жазады басылым.

Наразы халық премьер-министрдің Ганобхабан резиденциясының аумағына басып кірген. Шетел басылымдарының хабарлауынша, Хасина наразы халыққа үндеу жариялап, хабар таратпақ болған. Алайда жағдай ушығып, үндеу жариялауға уақыты болмаған. Әскерилер премьер-министрге Даккадан шығып кетуіне 45 минут қана уақыт берген. Осыдан кейін 76 жастағы Хасина әпкесімен бірге шұғыл түрде Үндістанға ұшып кеткен. Оның Үндістанның солтүстік-шығысындағы Агартала қаласына қонғаны белгілі болған.

Артынша, әскер басшысы генерал Вакар-уз-Зуман Бангладеште уақытша үкімет құрылатынын мәлімдеген. Ол адам қазасы мен басқа да бұзақылыққа жауаптылардың жазаға тартылатынын айтып, халықты әскерилерге сенім артуға шақырған.

«Әскерге сеніңіз. Саяси партиялардың жетекшілерімен кездесулер өткіздік», – деп мәлімдеген Вакар-уз-Заман.

Айта кетейік, Бангладештегі наразылықтар маусым айының соңында басталған болатын. Халық елдегі жұмыс жағдайына қатысты әділетсіздікке наразылық білдірді. Олар 1971 жылғы Революциялық соғысқа қатысқан ардагерлердің отбасы мүшелеріне мемлекеттік жұмыс орындарының 30%-на дейін резервтік квота жүйесін тоқтатуды талап етті.

Көпшілік мұны адам құқын шектеу деп бағалаған. Бұл наразылық соңы Хасинаның отствакаға кетуін талап ететін ұрандарға жалғасқан.

Хасина бұл наразылықтарды басуға тырысты. Елдегі шиеленістің күшеюіне байланысты коменданттық сағат енгізіліп, мобильді интернет тәулігіне 14 сағатқа өшіріле бастады. Бұл халықтың наразылығын одан сайын арттыра түсті. Сонымен бірге бұл шаралар ел экономикасына 10 миллиард доллар көлемінде шығын әкелгені белгілі болды.

Уақыт өте келе митингілер қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарға ұласты. Нәтижесінде бір жарым айдан астам уақыт ішінде демонстранттар мен полицияны қосқанда 300-ден астам адам қаза тапқан. Ал 4 тамыз күні көтеріліс шарықтау шегіне жетіп, 100-ге жуық адам жараланды. Бірнеше аптаға созылған наразылық акциялары кезінде 11 мыңнан астам адам қамауға алынған-ды.

Шейх Хасина елді 2009 жылдан бері басқарып келді. Ол осы жылдың қаңтар айында төртінші мерзімге қайта сайланды. Оның жеңісін мойындамаған оппозиция сайлауға бойкот жариялады.