Жаңалықтар

Иран мен Ливандағы «Хезболла» қозғалысы Израильге шабуыл жасауы мүмкін – Блинкен

«Хезболла» қозғалысының Израильге шабуылы бүгін, 5 тамызда, басталуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Иран мен Ливандағы «Хезболла» қозғалысының Израильге шабуылы бүгін, 5 тамызда, басталуы мүмкін. Бұл жайлы АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен G7 елдерінің сыртқы істер министрлеріне ескерткен.

«Блинкен G7 әріптестеріне Иран мен Хезболланың Израильге шабуылы дүйсенбі күні басталуы мүмкін екенін айтты», – делінген хабарламада.

Блинкен Америка Құрама Штаттарының Иран мен Хезболла қозғалысы бірігіп, «жауап қайтаратынына» сенімді. Бірақ «кек қайтару қалай жүзеге асытыны белгісіз. Сонымен бірге ықтимал шабуылдың нақты уақыты да бемәлім. Бірақ Блинкен алдағы 24-48 сағатта кек қайтару шаралары басталуы мүмкін екенін ескерткен.

Сондай-ақ Блинкен G7 елдерінің сыртқы істер министрлерімен әңгімесінде осы шиеленісті аймақта АҚШ әскерінің саны арта түсетінін айтқан. Айта кетейік, бұған дейін Пентагон Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты аймақтағы Америка Құрама Штаттарының әскер санына түзетулер енгізіліп, мұнда әуеден шабуылдайтын жаңа құрам жетізілетіні хабарланған.

Еске сала кетсек, 1 тамызда Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи Израильге тікелей соққы жасауға бұйрық берген болатын. Оған себеп – палестиналық ХАМАС қозғалысы Саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияның өлімі.

Дереккөздер Иранның Тель-Авив пен Хайфа аймағындағы әскери нысандарға соққы беруі мүмкін екенін хабарлаған. Иран әскерилері азаматтық нысандарға шабуыл жасамауға тырысады. Сондай-ақ шабуыл Иран аумағынан емес, одақтас елдердің, соның ішінде Йемен, Сирия және Ирак территориясынан жасалуы ықтимал.

Исмаил Хания 31 шілдеде Иранның жаңа президенті Масуд Пезешкянның инаугурация рәсіміне қатысуға келіп, Тегеранда қайтыс болды. БАҚ зымыран ол түнеген үйге тигенін жазды.

Хамас қозғалысы оның өліміне Израильді айыптап, оқиғаны теракт деп атады. Израиль билігі соққыға жауапкершілікті алудан бас тартты. Бұл жайт Палестина-Израиль қақтығысын қайта шиеленістіреді.