Жаңалықтар

Алматыдағы Рысқұлов-Бөкейханов жолайрығындағы көпір 2 күнге жабылды

Алматыда Рысқұлов көшесі мен Бөкейханов көшесінің қиылысында тұрған көпір 2 күнге жабылады / Фото: kursiv.media

Алматы қаласында жол жөндеу жұмыстарына байланысты Рысқұлов көшесі мен Бөкейханов көшесінің қиылысында тұрған көпір жабылады. Бұл жайлы қала әкімдігі хабарлады.

«Рысқұлов-Бөкейханов жолайрығының учаскелеріне орташа жөндеу жүргізуге байланысты қозғалысқа уақытша шектеулер енгізіледі», – делінген әкімдік хабарламасында.

Жөндеу жұмыстары 4 тамызда сағат 23:00-де басталған. Көпір бойымен көліктер қозғалысы 6 тамызда сағат 11:00-ге қарай ашылады. Ал жөндеу жұмыстары жүргізілетін екі күн бойы оңтүстік және солтүстік бағыттағы көпірде қозғалыс толығымен жабылады. Сондай-ақ Бөкейханов көшесі бойындағы жолайрықтың көпірге кірме жолының барлығы да жабылады.

Айта кетсек, шетел президенттерінің келуіне байланысты 7-10 тамыз күні Астанада да бірнеше көше жабылады.

Бұл күндері қаланың Есіл, Нұра, Алматы аудандарында көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қозғалысы шектеледі.

Атап айтқанда:

  • Есіл ауданында – Оңтүстік айналма жол, Қабанбай батыр, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала даңғылы, Достық, Керей-Жәнібек хандары көшелері;
  • Нұра ауданында – Тұран, Ұлы Дала даңғылы;
  • Алматы ауданында – Тәуелсіздік даңғылы, Ж.Нәжімеденов және Қ.Аманжолов көшелері бойынша жол шектеледі.

7-8 тамыз күндері Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

Ал 9 тамыз күні Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуі өтеді