Әлемдік нарықта мұнай қаңтар айынан бері қатты арзандады

Жарияланды
Мұнай бағасы дүйсенбі күнгі саудада 3% арзандады / Фото: kursiv.media

5 тамыз, дүйсенбідегі сауда-саттықта мұнай бағасы төмендеді. Сарапшылар Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты алаңдаудан гөрі, әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы Америка Құрама Штаттарындағы рецессияға қатысты алаңдаушылық басым түскенін айтады.

Апта басы, 5 тамыздағы сауда-саттықта Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,87%-ға арзандап, баррелі 76,14 долларды құраған. Ал WTI фьючерстері 1,03%-ға төмендеп, барреліне 72,76 доллар болған.

Осыған дейін Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі әлемдегі мұнай жеткізліміне әсер етуі мүмкін екені айтылған. Бірақ бұл шиеленістерге қарамастан, Brent және WTI мұнай бағасы жұмада 3%-дан астам төмендеп, қаңтардан бергі ең төменгі деңгейге жеткен. Соңғы екі келісімшартта мұнай бағасы төрт рет құлдырап, қараша айынан бергі апта сайынғы құлдыраудың ең ұзақ сызығын көрсеткен.

Мұнай бағасының құлдырауына АҚШ-тағы ықтимал рецессияға қатысты алаңдаушылықтар қатты әсер еткен. Сонымен бірге бағалардың арзандауына ОПЕК+ мониторинг комитетінің алдағы айлардағы альянс саясатына өзгерістер енгізбейтіні де себеп болған. Australia and New Zealand Banking Group сарапшыларының пікірінше, ОПЕК+ өндірісті ерікті түрде қысқартуды үшінші тоқсаннан кейінге қалдырады.

Сонымен бірге ОПЕК мұнай өндірісі шілдеде өскенін хабарлаған. Нәтижесінде Сауд Арабиясынан жеткізілімдер артқан. Ал 2 тамызда аяқталған апта ішінде АҚШ-тағы мұнай бұрғылау қондырғыларының саны өзгеріссіз қалған. Елде мұндай қондырғылар саны 482-ні құраған. Осы орайда мұнай бағасына жаһандық экономиканың баяу қалпына келуі жанармай тұтынудың төмендеуіне әкеліп соғады деген алаңдаушылық туындаған.

Айта кетсек, сәуірде мұнай бағасы 1,66% қымбаттап, қазаннан бері ең жоғары деңгейге жеткен болатын. Лондонның ICE Futures биржасында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерстерінің құны барреліне 88,87 долларды құраған еді. Оған Қиыр Шығыстағы жағдай әсер етті. Ол кезде Израильдің Сириядағы Иран елшілігіне әуе шабуылынан кейін шиеленіс күшейе түскен. Бұған қоса, Мексиканың мемлекеттік мұнай компаниясы Pemex алдағы айларда мұнай экспортын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл шикізат тапшылығына қатысты алаңдаушылық тудырады.

Осы жағдайларды ескере келе сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығыс шиеленісе түссе, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін деп болжаған.  Ол кезде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуы шығып, онда Израиль Иранның мұнай нысандарына қарымта қайтарар болса, мұнай бағасы 100 доллардан асатыны айтылған еді. Ал әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы жабылып қалса, мұнай бағасы барреліне 120-130 долларға жету ықтималдығы жоғары екені хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз