Жаңалықтар

Алматыдағы емхананың бас бухгалтері мен есепшісі 340 млн теңге жымқырған

Алматы емханасының бас бухгалтері қаражат жымқырды/ коллаж kursiv.media

Алматыдағы емхананың бас бухгалтері мен есепшісі 340 млн теңге жымқырған. Олар 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Күдіктілер 2019 жылдың маусымынан 2023 жылдың қараша айына дейін заңсыз табыс тапқан. Емханада жұмыс істемейтін адамдардың карточка шоттарына жалақы мен үстемелерді есептеп ақша аударған.

«Құқықбұзушылық схемасы нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы – 340 387 113 теңге материалдық зиян келтірілді. Сотта сотталушылар өздерінің кінәсін толық мойындады. Прокурор сотталушыларға 8 және 7,6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сотталушылардың жасаған қылмысы үшін өкініш білдіруі және бұрын сотталмауы сияқты жеңілдететін жағдайлар ескерілді», – деп жазылған «Алматы соттары» телеграм каналында.

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық соты бас бухгалтер 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 5 жылға қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сыбайласына да дәл осындай жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.