Қазақстанда мектеп оқушыларын жеңілдікпен тамақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды. Енді мектеп асханаларында жеңілдікпен тамақтану үшін «Әлеуметтік әмиян» цифрлық ваучерін пайдалануға болады. Бұл қызмет түрі eGov Mobile мобильді қосымшасында пайда болды.
Жобаны Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірлеген. Жоба ата-аналарға қызметті проактивті түрде алуға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері 15 өңірдегі 250 мектепте жұмыс істейді. Жобаны кеңейту үшін мектептерді тамақтандыруды есепке алу мен тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Пилоттық жоба Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Астана, Шымкент қалаларында сынақтан сәтті өткен. Министрліктің мәлімдеуінше, аталмыш жоба мектептердің дайындығына қарай біртіндеп енгізіледі.
Айта кетейік, осыған дейін Үкіметтің жекеменшік мектептерде оқитын тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қаржылай көмек көрсетуді қарастырып жатқаны жайлы жазған едік. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мектептерде белгілі әлеуметтік санаттағы балаларға жергілікті бюджет есебінен көмек көрсету туралы Үкімет заң жобасын әзірленгенін хабарлады.
Өткен жылы қараша айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бастауыш сынып оқушыларына берілетін мектептегі тегін тамаққа қанша қаржы бөлінетінін айтқан болатын. Министрдің айтуынша, оқушыларға 480 мен 850 теңге аралығында беріледі. Оның пікірінше, бұл қаржы балаларға ыстық тамақ беруге жеткілікті.