Жаңалықтар

Алматылықтардың орташа айлық жалақысы 454 мың теңге екені рас па?

Бүгінде алматылықтардың орташа айлық жалақысы 16,4% өскен / Коллаж: архив kursiv.media 

Алматының Экономика басқармасы елдегі ең ірі мегаполис тұрындарының орташа айлық жалақысы мөлшерін жариялады.  

Бүгінде алматылықтардың орташа айлық жалақысы 16,4% өскен. Мегаполисте жыл басынан бері 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Экономика басқармасы тұрғындардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да мәлім етті.

«Биыл маусым айында жылдық инфляция мамырдағы 9%-дан 8,4%-ға дейін баяулады. Бұл азық-түлік тауарлары бағасының 7,7%-ға және азық-түлік емес тауарлар бағасының 5,6%-ға дейін төмендеуі есебінен болды. 2024 жылы жылдық инфляция одан әрі 7-7,5%-ға дейін баяулайды деп болжанып отыр», – деп хабарлады ведомство.

Биыл бірінші тоқсанда номиналды ақшалай кіріс орта есеппен әрбір алматылыққа 22,9% өсіп, 287 мың теңгеге жеткен. Нақты мәнде өсім – 11,9%.

Ведомствоның хабарлауынша, алматылықтардың орташа айлық жалақысы 454 мың теңгені құрап отыр. Номиналды мәнде жалақы 16,4%, нақты мәнде 6% өскен.

«Тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аударылып отыр. 32,7 мың жұмыс орны құрылды, оның 75%-ы тұрақты. Осылайша, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеді», – делінген хабарламда.

Айта кетсек, Қазақстанда ең төменгі жалақы деңгейі 2019 жылдан бері үш есеге өскен. 5 жыл бұрын ең төменгі жалақы 29 мың теңгені құраса, жыл басынан бері – 85 мың теңге болып бекітілген. Алайда дамыған елдердің көрсеткішінен әлдеқайда артта қалып тұр.

Halyk Finance  сарапшылары ең төменгі жалақының өсуі елдегі кедейлік деңгейіне әсер етіп жатқан жоқ деп тұжырымдайды. Сол себепті жалақы деңгейін көтеру арқылы кедейшілікпен күресуге болады дегенге күмәнмен қарайды. Оның үстіне Қазақстандағы кедейлік шегі – халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен.

Сәуір айындағы көрсеткішке сүйенсек, Қазақстандағы кедейлік шегі  33 557 теңгені құрайды. 2023 жылдың соңында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда 500 мың адам кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр деген.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы ең төменгі жалақыны есептеудің халықаралық стандарттарын бекітпек. Сол мақсатта дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақы туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына ұсынылмақ.