Жаңалықтар

«Қазгидромет» болжамы: Қазақстанның оңтүстігінде алдағы үш күнде +45 дейін аптап ыстық болады

Солтүстік аймақтар жауын-шашынды болады / Фото: kursiv.media 

Алдағы үш күнде еліміздің оңтүстігінде аптап ыстық болады. Ал солтүстік аймақтарда нөсер жауын жауады. «Қазгидромет» 6-8  тамыз аралағында ауа-райы болжамын ұсынды.

Алдағы үш күнде ел аумағының көп бөлігіне циклон әсер етеді. Жаңбыр жауып, найзағай ойнап, қатты жел тұрады, сондай-ақ бұршақ жауады деп болжанып отыр.

«6-8 тамызда батыста және солтүстік-батыста, 7-8 тамызда солтүстікте кей уақыттарда қатты жаңбыр жауады. Қазақстан бойынша желдің күшеюі болжанады»,– деп хабарлады «Қазгидромет».

Ал елдің оңтүстік аймақтарында, керісінше, қатты ыстық ауа райы күтілуде. Күндізгі уақытта ауа температурасы +38 +45 °C дейін ысиды. Республиканың қалған аумағында температуралық фонда күрт өзгеріс бола қоймайды.

Бұған дейін жер бетінде техниканың дұрыс жұмыс істемеуіне және күннің ысуына әсер ететін магнит дауылы басталғанын жазғанбыз. Магнит дауылы – Жердің магнит өрісіндегі қалыпты жүруін күрт бұзатын және бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылатын жойқын күш. Олар ғарыштық ауа райына байланысты – бұл күн алауынан туындаған өзгерістер. Олар жердегі спутниктік және басқа технологияларға, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына әсер етуі мүмкін.