Alphabet смартфондар мен веб-браузерлердегі іздеу жүйесіне қатысты істе жеңіліс тапты
АҚШ соты Alphabet-тің іздеу жүйесіндегі монополиясын сақтау үшін заңсыз әдістерді қолданғанын хабарлады. Компания Google-ді смартфондар мен веб-браузерлердің әдепкі іздеу жүйесіне айналдыру үшін миллиардтаған қаражат жұмсаған. Сөйтіп нарықтағы бәсекелестікті өз пайдасына бағындыра білген. Өндірушілермен эксклюзивті келісімдер жасау арқылы Google-ді әлемдегі ең көп қолданылатын іздеу жүйесіне айналдырған. Әрі бұл қадам Alphabet-ке жылына 300 млрд доллардан астам табыс әкелді деп жазды Bloomberg.
Толығырақ
Дүйсенбі, 5 тамызда, Вашингтондағы федералды судья Амит Мехта мәлімдегендей, Alphabet Google-ді смартфондар мен веб-браузерлердің әдепкі іздеу жүйесіне айналдыру үшін алдын-ала орнату туралы эксклюзивті келісімдер жасаған. Ал мұндай тәжірибе кез келген бәсекелестің нарықтағы жолын жабары даусыз.
«Google-дің дистрибьюторлық келісімдері жалпы іздеу нарығының едәуір бөлігін жауып отыр және бәсекелестердің мүмкіндіктерін шектеу үстінде. Сот процесінде алынған дәлелдер Google-дің монополиялық билігі компанияға бәсекелестер тарапынан ешқандай шектеу қоймай-ақ мәтіндік жарнама бағасын көтеруге мүмкіндік бергенін дәлелдеді», – делінген сот шешімінде.
Google-ге қатысты сот ісінде АҚШ үкіметі: «Alphabet ондаған жылдар бойы Apple, Samsung және басқа да смартфон өндірушілеріне іздеу жүйесін бірінші орынға қою үшін миллиардтаған ақша төледі», – деп мәлімдеді. Тек 2021 жылдың өзінде Alphabet серіктестеріне 26 млрд доллардан астам ақша төлеген. Бұл компанияның іздеу жүйесіне байланысты жұмсаған барлық шығынынан төрт есе көп делінген сот материалдарында.
Мұндай келісімдер Google-ді әлемдегі ең көп қолданылатын іздеу жүйесіне айналдырды. Әрі Alphabet-ке іздеу жүйесіндегі жарнамадан жылына 300 млрд доллардан астам табыс әкелді.
Бұл нені білдіреді?
Аталған сот шешімі – АҚШ үкіметінің ірі монополияны реттеу үшін технологиялық алпауытқа қарсы істегі алғашқы жеңісі деп жазады Bloomberg. Кейінгі жиырма жылдан астам уақыт ішінде мұндай оқиға тіркелген емес. Ал Әділет департаменті қандай өзгерістер жасайтынын әлі хабарламады. Дегенмен ведомство еуропалық реттеушілердің пайдаланушыларға Google-дан басқа да іздеу жүйелерін таңдауды талап ету әрекеттері туралы дәлелдер келтірді.
Билік соттан Alphabet-тің іздеу бизнесін Android немесе Chrome сияқты басқа өнімдерден бөлуді талап етуі мүмкін. Bloomberg-тің жазуынша, бұл 1984 жылы AT&T аймақтық ұялы байланыс операторларын бөлгеннен кейінгі америкалық компанияның ең үлкен мәжбүрлі бөлінуі болмақ.
Сондай-ақ сот Alphabet-тен серіктестермен іздеу жүйесіне қатысты эксклюзивті келісімдерінен бас тартуды немесе іздеу индексін лицензиялауды талап етуі мүмкін.
Alphabet сот шешіміне қарсы шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Акциялардың жайы
Акциялар нарығындағы жаһандық жаппай сатылыммен дөп түскен сот шешімі туралы жаңалықтан кейін, Нью-Йорктегі саудада Alphabet акциялары 4,5%-ға төмендеп, 159,25 долларға жетті. 24 шілдеден бастап, яғни Alphabet тоқсандық есепті жариялаған сәттен оның А класындағы акциялары 12%-ға кеміді.
Десе де, жыл басынан бері Google бас компаниясының қағаздары 14%-ға өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, Alphabet акцияларын бақылайтын 64 сарапшының 14-і ғана оларды ұстауға кеңес береді, қалғандары сатып алуды ұсынып отыр. Alphabet акцияларының бағасы бойынша Уолл-стриттің ортақ болжамы – 204,4 доллар, бұл 28%-дық өсімді білдіреді.