Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: акция дүрбелеңі кімдерге тиімді болды, ФРЖ мен экономистер инвесторларды қалай тыныштандырды

Қор нарығына шолу / REUTERS/Carla Carniel

Федералды резерв жүйесі инвесторларды тыныштандырып әлек. ФРЖ «АҚШ экономикасы құлдыраса, жедел түрде аяққа тұрғызамыз» деп уәде беріп отыр. Белгілі экономист, Yardeni Research директоры Эд Ярдени нарықтардың кешегі құлдырауын 1987 жылғы жағдаймен салыстырып отыр. Оның пікірінше, бұған «қор нарығының ішкі себептері» түрткі болған. Тиісінше, рецессияның алдын алуға болады деп сендірді. Осы және өзге де тақырыптар қамтылған 5 тамыздағы шолуымызға зер салыңыз.

ФРЖ: АҚШ экономикасы құлдыраса, жедел түрде аяққа тұрғызамыз

Чикаго Федералды резерв жүйесінің президенті Остан Гулсби еңбек нарығы туралы шілде айындағы деректерге бола нарықтар әбігерге түспеуі керек деп мәлімдеді. Бұл туралы FOX Business жазды. Сондай-ақ ол ФРЖ Америка экономикасындағы кез келген кері жағдайға жедел әрекет етеді деп сендірді.

«ФРЖ жұмысы тым қарапайым: жұмыспен қамтуды барынша арттыру, бағаны тұрақтандыру және қаржылық тұрақтылықты сақтау. Біз осы дүниелерді жасағымыз келеді. Егер жағдай нашарлай бастаса, оны жедел түзетеміз», – деді Гулсби. Алайда ол «ФРЖ шұғыл түрде өтетін отырыста ставкаларды төмендете ме?» деген сұраққа жауап бермеді.

Гулсби шілде айының қорытындысы бойынша жұмыспен қамту туралы мәліметтердің мардымсыздығына қарамастан, дәл қазір АҚШ экономикасы құлдырап жатыр дегенге сенбейді. «Иә, жұмыспен қамту деңгейі біз күткендегідей болмады. Бірақ бұл әзірге рецессияға ұқсамайды», – деді ол. Алайда Гулсби 2001 жылдан бері бір жылдан астам уақыт бойы ең жоғары деңгейде сақталған пайыздық мөлшерлемелер «тым шектеулі болуы мүмкін» екенін мойындады.

Нарықтарды тыныштандыру қамы жасалғанымен, NASDAQ кеше 3,4% жоғалтты, S&P 500 – 3%-ға, Dow 2,6%-ға төмендеді. Дегенмен кейбір инвесторлар құлдырауды пайдаланып акцияларды белсенді түрде сатып ала бастады деп атап өтті Bloomberg. Мәселен, сауда-саттықтың соңына қарай Nvidia акцияларын сатып алуға түскен өтінімдердің саны сатуға берілген өтінімдерден үш есе асып түсті. Amazon мен Tesla-дағы жағдай да дәл осындай.

Эд Ярдени: қазіргі жағдай 1987 жылғы ахуалды еске түсіреді

Белгілі экономист, Yardeni Research директоры Эд Ярденидің пікірінше, акциялардың қазіргі жаппай сатылымы 1987 жылғы жағдайға ұқсайды. Бұл туралы Bloomberg жазды.

Ярдени сол жылы қор нарықтарының құлдырағанына қарамастан, АҚШ-тың экономикалық рецессиядан құтылғанын еске салды. «Қазіргі жағдай 1987 жылғы ахуалды еске түсіреді. Ол кезде де қор нарығы құлдырады және бұл жағдай бір-ақ күнде орын алды. Ол кезде де қазіргідей «рецессияға ұшырадық» деп дабыл қағылды. Бірақ анау айтқандай құлдырауды көрмедік. Өйткені акциялардың төмендеуі көп жағдайда нарықтың ішкі процестеріне байланысты болды», – деді ол.

Ярденидің пікірінше, акциялардың қазіргі құлдырауына да «ішкі себептер» әсер етіп отыр. Әсіресе, бұл Жапонияның қор нарығына тән дүние. Экономист өткен аптада Жапония Банкінің пайыздық мөлшерлемені күтпеген жерден көтеруі трейдерлерді әбігерге салды деп санайды. Оның үстіне жапондардың иен бағасын күрт өсіруді қарастыруға уәде беруі аттанға айғай қосқандай болды.

Жапониядағы теріс ставкалар кезеңінде иен «carry trade» операциялары аясында инвесторлардың сұранысына ие болды. Мұндай кезде инвесторлар мөлшерлемесі төмен бір валютамен қарыз алып, ставкалары жоғары елдердің активтеріне инвестиция салады. Ал Жапониядағы мөлшерлеменің өсуі иенмен қарыз алғандар үшін шығынды еді. Сондықтан инвесторлар шетелдік активтердегі позицияларын жабуға және иен сатып алуға асықты. «Көбі иендегі несиелерін пайдаланып америкалық биотехтардың акцияларын сатып алды. АҚШ қор биржаларындағы жаппай сатылымның түп-төркіні де осында жатыр», – дейді Ярдени.

Ол 1987 жылы сол кездегі ФРЖ төрағасы Алан Гринспеннің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетіп, қаржы жүйесіне өтімділікті енгізгенін еске салды. Ярдени ФРЖ-ның қазіргі жағдайдан да қысылмай шығарына сенімді.

«Жұмсарту» циклі басталады деп болжам жасағандар кірістерін күтіп жүр

Bloomberg жазғандай, ФРЖ қыркүйек айында «жұмсарту» циклін бастайды деп болжам жасаған трейдерлер үлкен пайда табуға дайындалып отыр. Қор нарығындағы қазіргі жаппай сатылым «жұмсартуға» жол бастайтын үлкен өзгерістің басы ғана. BMO Capital Markets ставкалары бойынша стратегия бөлімінің басшысы Ян Люнген, дүйсенбі, 5 тамыз күні клиенттерге арнаған жазбасында: «Инвесторлардың көңіл-күйі оптимизмнен гөрі экономикалық мазасыздыққа қарай түбегейлі өзгерді» – деді.

Фьючерстік келісімшарттың бағасы салыстырмалы түрде төмен болған кезде көңіл-күйдің өзгеруін реттей алған трейдерлер енді инвестицияларын бірнеше есе арттыра алады.

Сарапшылар фьючерстерді сатып алу көлеміне Citigroup болжамы айтарлықтай әсер еткенін атап өтті. Онда стратегтер ФРЖ жыл соңына дейін ставкаларды үш есе төмендететінін көрсеткен-ді. 5 тамыздағы сатылым және макроэкономикалық деректер ФРЖ-ның жуықтағы отырысында мөлшерлеме трейдерлер күткендей төрттен бір тармаққа емес, бірден жарты пайызға төмендейтінін ұқтырғандай.

АҚШ-тағы ықтимал рецессия бидай мен мақтаның бағасын төмендетіп жіберді

Құлдырау кезінде қор нарықтарындағы ауыл шаруашылығы тауарлары, соның ішінде бидай мен мақта арзандады, деп жазды Bloomberg. Чикаго тауар биржасында бидай фьючерстері осы сәтте 3,6%-ға төмендеді. Нью-Йоркте мақта (-1,3%) және арабика кофесі (-2,1%) кері кетті. Трейдерлер АҚШ-тағы ықтимал рецессияға және «Дебби» тропикалық дауылының қаупіне әзірше дәл осылай жауап беріп отыр Дегенмен сарапшылардың пікірінше, шикізат биржаларындағы жаппай сатылым көп болмаған.

«Қаржы нарықтарында күйзеліс бар, бірақ бұл жаппай сатылымға жол ашу үшін жеткіліксіз. Тауарлар өздерінің негізгі көрсеткіштері бойынша саудаланады», – деді Amius Ltd брокерлік фирмасының тәуекел менеджері Виктор Мартинс.

Сондай-ақ трейдерлер, 5 тамыз, дүйсенбіде Флоридаға «соғып», оңтүстік-шығысқа қарай бет алған «Дебби» тропикалық дауылының траекториясын бақылауда ұстап отыр.