Жаңалықтар

«Заң жобасы шикі»: «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексін осы күйінде қабылдауға қарсы

жаңа салық кодексін
Кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексін неге қолдамайды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Атамекен» ұлтттық кәсіпкерлер палатасы жаңа «Салық кодексін» осы күйінде қабылдауға қарсы. Палата өкілдері қазіргі заң жобасы өте шикі деп отыр. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов ел үкіметі мен Президент әкімшілігіне заң жобасын одан әрі жетілдіруді сұрап, өтініш жолдайтындарын мәлімдеді.

Тимур Жаркенов жаңа кодекстің мәтінінде талас тудыратын баптар көп екенін айтады. Жаңа заң бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескере отырып қабылдануы тиіс деп тұжырымдайды.

«Үкімет пен Президент әкімшілігіне жолданған сараптамалық қорытындымызда Салық кодексі жобасының басым бөлігі шикі екенін атап өттік. Не заңды сол күйінде қалдыру, не Салық кодексін қайта қарау мерзімін едәуір ұзарту қажет деп санаймыз», – деді ҰКП өкілі.

Палата өкілі заң жобасының авторлары көптеген мәселені заң актілеріне қалдырғанын айтады. Алайда бұл актілердің мәні мен мазмұны қандай болары әлі белгісіз. ҰКП Басқама Төрағасы салық төлеушілерге қатысты мәселелер заң актілерінде емес, заңның өзінде толық жазылуы тиіс деп есептейді. Өйткені салық төлеушілер арасында заң актілерін оқып, оны толық түсінетіндердің қатары аз. Сондай-ақ ол салық саласындағы шаруашылық есеп жүйелерін мемлекеттік есеп жүйесімен үйлестіру қажет екенін айтады.

Бұл ретте Палата «Салық кодексін» одан әрі жетілдіруде заң шығарушы органмен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Өйткені 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін уақыт аз қалды. Бес айда жаңа заңның бүкіл кем-кетігін жөндеп үлгеру мүмкін емес. Сондықтан ҰКП «Салық кодексін» қарау мерзімін ұзартуды ұсынады.

Жаркенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Салық заңы бұрынғыдан әлдеқайда жақсаруы тиіс деген сөзін еске салады. Алайда заңның шикі тұстарын жетілдіріп, кем-кетігін жөндемесе, ол бизнестің жағдайын одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін деп пайымдайды.

Осы ретте Салық кеңесшілері қауымдастығының басқарма төрағасы Сәкен Қарин салық тексерісі күрделі мәселе болып тұрғанын айтады. Салық органдары жоспарлы тексерістен кетіп, жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мүдделі. Қазірге дейін салық тексерісі Салық кодексі мен кәсіпкерлер туралы заң негізінде жүзеге асып келеді. Жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мықты негіз бен себеп керек.

Сәкен Қариннің айтуынша, енді салық органдары жоспардан тыс тексерісті Кәсіпкерлік кодексі негізінде емес, өздерінің шешімі негізінде жүргізгісі келеді.

«Мұндай тәсіл жарамайды деп ойламыз. Мұның бәрі жемқорлық факторларын тудырады. Мен ең маңызды деген мәселені көтеріп отырмын. Жаңа «Салық кодексінде» кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер көп», – деп атап өтті ол.

Жаңа «Салық кодексі» жобасының сынға ұшырап отырғаны бірінші рет емес. Бұған дейін Halyk Finance сарапшылар «Салық кодексі» Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейтінін, құжатта қайшылықтар барын мәлімдеген. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, Қазақстанда ЖІӨ-дегі шикізаттық емес салықтық түсімдер үлесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

Жаңа жобада банктер мен ойын бизнесіне салынатын КТС-ты 25 пайызға дейін көтеру көзделген. Алайда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов банк саласының корпоративті табыс салығын бұлай қымбаттатуды қолдамайды.

Заң жобасы мамырда Мәжіліске ұсынылуы тиіс еді. Алайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметке шикі заң жобаларын әкеліп, одан қалса маңызды құжаттар кешіктірілетінін атап өткен. Олардың арасында Салық кодексі жобасы да бар.