Қазақстандық Paidax брокері халықаралық ITS сауда алаңына шықты. Брокер сауда платформасының қатысушысы ретінде өз клиенттеріне ITS-те сатылатын халықаралық бағалы қағаздармен мәміле жасауды ұсынады.
Paidax әлеуметтік желінің элементтерін дәстүрлі инвестициялық құралдармен біріктіреді. Paidax жеке инвесторларға шетелдік бағалы қағаздарға инвестиция жасау мүмкіндігін береді. Оның брокерлік қызметті жүзеге асыруға АХҚО берген лицензиясы бар. Компания ҚР резиденттеріне, бейрезидентерге де жеке дизайндағы мобильді қосымша арқылы инвестициялауды ұсынады. Paidax сауда ақысы 0%-дан басталады.
Компания қор нарығына жаңадан келген инвесторларды тарту, инвесторлар буынын қалыптастыру үшін өз платформасында бір қауымдастыққа біріктірумен айналысады.
«Клиенттерге кез келген нарық жағдайында инвестициялық мүмкіндіктерді жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін ұсыныстарымызға ITS технологияларын қостық. ITS-тің Smart Order Routing және Best Execution технологиялары шетелдік бағалы қағаздар нарығының өтімділігінің толық тереңдігіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. ITS арқасында біз өз клиенттерімізге қолайлы жағдай жасай отырып, ең төменгі комиссияларды белгілейміз. Енді инвесторлар инвестициялық көкжиектерін кеңейте отырып, портфельдерін оңай және ыңғайлы түрде әртараптандыруға мүмкіндік алады», – деді Paidax бас директоры Бексұлтанқожа Әнуаров.
ITS-те 1800-ден астам халықаралық бағалы қағаздар бар, оның ішінде 191 ETF, сондай-ақ акциялар мен депозитарлық қолхаттар қамтылған. ITS-те ұсынылған халықаралық бағалы қағаздар Dow Jones Industrial Average, Nasdaq-100, S&P 500 сынды ірі индекстерге кіреді.
«Кәсіби команданың арқасында бұл клиенттер ITS-те сатылатын әлемдік қаржы нарығының инвестициялық құралдарының кең спектріне қол жеткізе алады. Paidax командасына ITS технологияларын өздерінің инвестициялық қызметтеріне біріктірудегі сәтті ынтымақтастығымыз үшін алғыс айтамыз. Бұл кең ауқымды ретейл- сауда стратегиясын жүзеге асырудың бастамасы болады», – деп атап өтті ITS Басқарма Төрағасы Шыңғыс Қанапьянов.
ITS – халықаралық өтімділік орталығы. ITS бизнес үлгісі инвесторларға әлемдік қаржы нарығында және кез келген көлемде best execution (ең жақсы бағамен) бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді және smart order routing (өтімділікті қамтамасыз ету) технологиясына негізделген. Осы технологиялардың арқасында ITS-те шетелдік бағалы қағаздардың өтімділігі бағалы қағаздар сатылатын жетекші халықаралық биржалардағымен бірдей.
ITS-тегі сауда сессиясының ұзақтығы тәулігіне 16 сағаттан аптасына 5 күн жүргізіледі. Сауда Астана уақытымен сағат 11:00-де басталып, 03:00-де жабылады. Яғни Азия, Еуропа және Америка биржаларының жұмыс уақыты қамтылады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында орналасқан ITS халықаралық сауда алаңы 2023 маусым айының басында жұмысын бастаған. Былтыр күзде АХҚО өзінің еншілес компаниясы арқылы сауда алаңының 10 пайыз үлесін иеленді. Санкт-Петербург биржасының қатысуынсыз жұмыс істеу үшін ITS биыл сауда платформасы АХҚО-да жеке инфрақұрылымын іске қосатынын хабарлады.