Банк пен қаржы

Өсімақы мөлшері күніне 0,2 пайыздан аспауы тиіс: ҚНРДА микрокредит шартына қойылатын талаптарды өзгертеді

Шағын кредит шартының талаптары өзгереді / Фото: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредит келісімінің мазмұнына қойылатын талаптарды өзгертеді. Соған сәйкес, 45 күнге берілген, жалпы сомасы 45 айлық есептік көрсеткіштен (2024 жылы 166 мың теңге) аспайтын шағын кредит шартының негізгі ережелері бекітіледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Шартта мұндай шағын несиені кешіктіргені үшін есептелетін айыпппұл мөлшері әр күн үшін қалған қарыз сомасының 0,2 пайызынан аспайтыны жазылуы тиіс.

«Микрокредит сомасын қайтару және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайызынан аспайды», – делінген қаулыда.

Микро кредитке бүкіл шарт мерзімінде есептелетін сыйақы мен айыпақы алынған қарыздың жартысынан аспауы керек. Мәселе борышкер 1,5 айға 150 мың теңге шағын қарыз алып кешіктірсе, осы уақытта есептелген айыппұл мен өсімпұл 75 мыңнан аспауы шарт.

Кредитор мен борышкер келісіп, шағын несиешартын 45 күннен екі рет ұзарта алады. Бұл кезде күніне есептелетін сыйақы 0,2 пайыздан аспауы керек.

Бұл түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру шеңберінде енгізілмек.

Бұған дейін шағын несие бойынша шекті пайыздық мөлшерлеме үш есе төмендеуі мүмкін екені хабарланған.

Атап айтқанда, 45 күнге дейінгі мерзімге 45 АЕК-ке дейінгі сомамен берілген микрокредиттер бойынша күнделікті номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшерін 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендету ұсынылды. Сонымен бірге жылдық тиімді мөлшерлеменің шекті мөлшерін 179% деңгейінде белгілеу ұсынылған. Осылайша, мұндай микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері 3 еседен астам төмендетіледі.