Теңіз кен орнынан мұнай өндіру көлемі 4 пайызға азайған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Теңіз кен орынан қанша мұнай өндірілді / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» компаниясы Қазақстанның батысындағы ең ірі кен орындарының бірі – Теңіз кенішінен өндірген мұнай биыл 3,7% қысқарған. Ал ілеспе газ өндіру көлемі 4,2%-ға төмендеген. Бұл туралы «ҚазМұнайгаздың» жарты жылдық өндірістік есебінде жазылған.

2024 жылдың 6 айында Теңіз кен орнында 2,9 млн тонна шамасында мұнай, 1 587 млн текше метр ілеспе газ өндірілген. Кен орнынан тәулігіне 126 мың тонна мұнай шығарылып отыр.

Кен орнындағы өндірістің азаюы мамыр айында шикі газ айдау объектілеріндегі күрделі жөндеуге байланысты болды. Сәуір айында Сағалық қысымды басқару жобасы объектілерін пайдалануға беру жұмысы басталған.

Осыған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Теңіз кен орны сағалық қысымды басқару және кен орнын кеңейту жобасын мерзімінде аяқтау қажет екенін айтқан. Жаңартылған кестеге сәйкес, болашақ кеңейту жобасы 2025 жылдың ІІ тоқсанында іске қосылмақ. Қазақстан жобаның жүзеге тезірек асырылуына мүдделі. Себебі Теңіз кен орнының кеңеюі өндіріс көлемін тәулігіне 260 мың баррельге немесе шамамен 40%-ға ұлғайтады. Бастапқыда жоба құны 12 млрд долларды құраған. Кейін бұл көрсеткіш 37 млрд долларға жетті.

Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарында өнрілген мұнай көлемінде аса өзгеріс жоқ. Жыл басынан бері өндіріс 0,2 пайыз ғана өскен. Жарты жылда ҚМГ Қашағаннан жалпы 1,5 млн тонна мұнай алса, Қарашығанақтан 574 мың тонна мұнай шығарған.

Жалпы 2024 жылдың бірінші жартысында ҚМГ мен оның еншілес ұйымдары 12 млн тоннаға жуық мұнай өндірген. Мұнай тасымалдау көлемі 6,2%-ға ұлғайып, 41 733 мың тоннаға жетті.

Алайда қазақстандық және румындық мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі бірден 12 пайызға азайған. 2023 жылдың 6 айында МӨЗ-дер 10 млн тоннадан аса мұнай өңдесе, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 8,9 млн тоннаны құраған.

Сондай-ақ оқыңыз