Nikkei индексі 5 тамыздағы тарихи құлдыраудан кейін қалпына келе бастады. Токио қор биржасы индексі 6 тамызда айтарлықтай өсіп, бір күн бұрынғы дүрбелеңнен соң Азия қор нарықтарының қалпына келуіне ықпал етті. Nikkei 225 индексі сауда-саттық ашылғаннан кейін бірден 34 000 тармақтан асып, 8%-ға өсті деп хабарлайды Reuters.
Nikkei индексінің қалпына келуі басқа нарықтарға, оның ішінде АҚШ нарығына да оң әсер етті. S&P 500 фьючерстері таңғы саудада 0,9%-ға, Nasdaq фьючерстері 1,2%-ға өсті. 5 тамызда S&P 500 3,00%-ға, Nasdaq Composite 3,43%-ға төмендеген еді.
«Кеше азиялық нарықтардағы таңғаларлық және тарихи динамикадан кейін, маржа позициялары айтарлықтай төмендеді. Біз бүгін жағдай қалпына келеді деп ойлаймыз», – деді Pepperstone брокерлік компаниясының зерттеу бөлімінің басшысы Крис Уэстон.
Бұл ретте маман Nikkei индексі бойынша болжамды құбылмалылық деңгейі 70%-ды құрайтынын ескертті. Бұл одан әрі күрт ауытқуы мүмкін екенін көрсетеді.
10 жылдық қазынашылық кірістілік бір сәтте 3,667%-ға дейін төмендегеннен кейін, 3,84% -ға оралды. АҚШ Федералды резервтік жүйесінің шенеуніктері еңбек нарығындағы құлдырауды болдырмау маңызды деп нарықтарды сабырға шақыруға тырысты. Сан-Франциско ФРЖ президенті Мэри Дэйли қажет болған жағдайда пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге дайын екенін атап өтті.
Еске сала кетсек, 5 тамыздағы сауданың қорытындысы бойынша жапондық Nikkei 225 биржалық индексі 12,4%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш 13,24% деңгейінде қалды, бұл 1987 жылдың 20 қазанынан бергі ең жоғары құлдырау. Кейінірек еуропалық қорлар да екі жылдағы ең үлкен тәуліктік құлдырауға ұшырады. Қазақстандық сарапшылар мұның ел қор нарықтарына қысым жасағанымен, айтарлықтай ықпал етпейтінін айтты.