Алматыдағы Райымбек даңғылында BRT жобасының құрылысы 2025 жылдың сәуірінде басталады. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев айтты.
«Күзде біз BRT дәлізінің бірінші кезеңінің екі учаскесіне, яғни Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін және Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейінгі мердігер ұйымды анықтау үшін байқау жариялауды жоспарлап отырмыз. Биыл инженерлік желілерді қайта құру жұмыстарын бастап, «Саяхат» маңында ірі аялдама кешендерінің құрылысын аяқтаймыз. Ал негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі құрылыс маусымынан бастаймыз», – Телібаев.
Бұған дейін Алматы қалалық мәслихатының сессиясында Сағындық Телібаев BRT жобасының құрылысы 2024 жылы басталады деген.
Алайда Алматыда көлік саласындағы сарапшылар, урбанистер және БАҚ өкілдері Райымбек даңғылында BRT дәлізінің бірінші учаскесінің жобасы аясында дөңгелек үстел өткізді.
«Жалпы жол» қауымдастығының жетекшісі Арсен Шакуов құрылысты келесі жылға ауыстыруды ұсынды.
«BRT дәлізі, шынымен де, қоғамдық көліктің тартымдылығын арттыра алады, бірақ бізді оның жүзеге асырылу мерзімі алаңдатады. Райымбек көшесі – көлік өте көп жүретін аймақ, қыркүйекте сабақ басталып, студенттер саны көбейеді және егер дәл осы кезеңде құрылыс жұмыстарын бастасақ, қала тұрғындары үшін ыңғайсыздықтар көбейеді. Сондықтан жұмысты келесі жылы бастаған дұрыс деп ойлаймын», – деді Шакуов.
Талқылау қорытындысы бойынша, сарапшылар қауымдастығының пікірін ескере отырып және қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайту мақсатында жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылдың сәуір айында бастау туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Райымбек даңғылындағы БРТ-ның жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды, учаске бойында «Алтын Орда» көлік- торабы болады. Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған дерекке сүйенсек, Райымбек даңғылы бойында БРТ салу үшін жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге 150 миллион теңге жұмсалған.