Париж 2024: Олимпиаданың соңғы бескүндігінде жүлде үшін таласатын қазақстандық спортшылар кімдер?

Жарияланды 6 Тамыз 2024 13:31

(жаңартылды 7 Тамыз 2024 10:32)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Олимпиаданың соңғы бескүндігінде жүлде үшін таласатын қазақстандық спортшылар кімдер? / фото: коллаж бильд-редактор Ахтам Зиперов

Париж Олимпиадасының аяқталуына 5 күн қалды. Қазақстан қоржынында әзірге 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар. Олимпиада ойындары аяқталғанша қоржынға тағы жүлде алып келе алатын спортшыларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бокстан қос алтын күтеміз бе?

Әйелдер арасында 50 келі салмақта өнер көрсететін Назым Қызайбай жартылай финалға өткен. Ендігі кезекте финал жолдамасы үшін таласта Қызайбай қытайлық Ву Юмен, бүгін, тамыздың 6-нан 7-не қараған түні сағат 01:02 де кездеседі.

Сонымен қатар ерлер арасында бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының финалына шықты. 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрбек жартылай финалда доминикандық Кристиан Пиналесті жеңді. Нұрбек Оралбай өзінің тұңғыш Олимпиадасында алтын медальға таласады. Оралбай финалға украиналық боксшы Александр Хижнякпен 8 тамыз түнгі сағат 01:51-де шығады.

Жеңіл атлетика

Қазақстандық атлет Нора Джеруто жеңіл атлетикадан финалға шықты. Нора жартылай финалда 3000 метрге дейінгі қашықтыққа жүгіруден бесінші болып мәреге жетіп, финалға жолдама алды. Ендігі шешуші кезең тамыздың 6-нан 7-не қараған түні Астана уақытымен 00:14-те өтеді. Айта кетейік, Нора Джеруто 2022 жылғы әлем чемпионы.

Грек-рим күресі

Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен өнер көрсететін қазақстандық палуандардың ішінде Әлімжан Сыздықов алғашқы қарсыласы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, румыниялық Алин Алексус-Циурариудан басым түсті.

Сондай-ақ грек-рим күресінен ел құрамасы сапында Әлімжаннан бөлек Демеу Жадыраев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) 7 тамыз күні 14:30-да боз кілемге шығады.

Еркін күрес

Еркін күрестен Қазақстан атынан 4 палуан өнер көрсетеді. 57 келідегі Мейрамбек Қартбай, Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмұрзаев (125 келі). Палуандар белдесуі 8 тамыз күні сағат 14:30-да болады.

Таэквондо

Шығыс жекпе-жегінде өнер көрсететін қазақстандық екі спортшы бар. Самирхон Абабакиров пен Батырхан Төлеуғали алғашқы жекпе-жектеріне 8 тамыз күні сағат 12:00-де шығады. Айта кетейік, 17 жасар Батырхан Төлеуғали Қазақстан құрамасының ең жас спортшысы.

Брейкинг

Сондай-ақ биыл Олимпиада ойындарына алғаш рет енгізілген спорт түрі брейк-данс билеу бойынша Қазақстанның атынан Амир Закиров сынға түседі. Закиров 9 тамыз күні сағат 12:00-де шығады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ел қоржынына жүлде салған Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдошылар елге оралған еді.

Сонымен қатар қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж олимпиадасының қола жүлдегері атанса, спорттық гимнастикадан Нариман Курбанов күміс медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ оқыңыз