Жаңалықтар

Жоғары балл жинап, оқуға ілінбей қалғандарға қосымша 10 мың грант бөлінеді – Саясат Нұрбек

грантқа ілінбей
Грантқа ілінбей қалған балаларға әкімдіктер, қорлар, жұмыс берушілер өз грантын бөледі / Коллаж: kursiv.media

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балмен грантқа ілінбей қалған абитуриенттерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтты. Министрдің айтуынша, жоғары балл жинаған балалардың тізімі ректораттарға жіберіледі.

10 мың грантты әкімдіктер, жұмыс берушілер, «Қазақстан Халқына» қоры, шетел мемлекеттері және университеттердің өзі бөледі екен.

«Біз жоғары балл жинаған балалардың тізімін ректорларға жібереміз. Олар сол тізіммен талантты, мықты балаларды іріктеп алады. Университеттер ол балаларды өз университеттерінде оқуға шақырады. Шамамен 10 мыңға жуық грант қосымша бөлініп отыр. Сондықтан грантқа ие бола алмай қалған балаларға уайымдамасын деп айтқым келеді. Біз ұсынып отырған мүмкіндіктерді уақытылы пайдаланып үлгеруі керек. Ол балалардың мүмкіндіктер бар»,– деді министр.

Сонымен бірге министр кейде гранттан бас тартатын жағдайлар да кездесетінін айтады. Біреу шетелге кетсе, біреу басқа ЖОО-ға ауысып жатады. Нәтижесінде шамамен 2000-3000 грант орны босайды. Мұндай гранттар бойынша орындар қыркүйекте қайта бөлінеді. Сонымен бірге министр мемлекет грант бөлгенде маман тапшы салаларға басымдық беретінін айтты. Ол инженерия, техникалық және ауыл шаруашылығы саласы. Айтуынша, биыл бұл салаларға бөлінген гранттар толық игерілген.

«Биыл мемлекеттік тапсырыстың 99,9 пайызы игерілді. Бұрыннан мұндай жағдай болмаған еді. Бірінші рет ауыл шаруашылығы саласы мен ветеринарияға қатысты гранттар 100 пайыз игерілді. Сонымен бірге Батыс гранттары да толық игеріліп отыр», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, жоғары балмен грантқа түспей қалған балалар мемлекет басымдық беретін салаларды таңдамаған.

«Су тасқыны болғанда, су мамандарын іздедік. Ал орман өртенген кезде орманшылар тапшы болды. Екібастұз тоңып жатқанда, жылуэнергетиктер керек болды. Мемлекет осы бағыттарға басымдық беріп жатыр», – деді министр.

Саясат Нұрбек су тасқынына байланысты грантқа түскен балаларды кінәламауды сұрады. Ол балалар университетке келгенде өздеріне ала көзбен қарайды деп, алдын-ала ыңғайсызданып жатыр.

«Олар зардап шекті. Енді сол балалардың обалына қалмайық», – деді ол.

Айта кетейік, 3 тамызда қазақстандық абитуриенттер үшін жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттар тізімі жарияланды. Жалпы жоғары білім беру бағдарламаларына барлығы 78 219 грант бөлінді.