Еуроодақ елдері шілде айында Ресей газын тұтыну көлемін арттырған
Еуропа елдеріне Түркияның газ құбырлары арқылы тасымалданған ресейлік газ көлемі шілде айында артқан. Бұл бағытта Еуропаға жеткізілген газ көлемі бірінші жартыжылдықта 40,5 пайызға өсіп, 9,26 миллиард текше метрді құраған.
Ал шілде айында бұл көлем әдеттегіден көп болған. Бұл айда аталмыш газ құбыры арқылы айдалған газ көлемі 1,5 млрд текше метрден асқан. Бұл маусым айындағы көрсеткіштен 29%-ға көп екен. Ал жылдық көрсеткіште өсім 9%-ды құраған.
«Түрік бағыты» арқылы Ресейден ЕО-ға жіберілген газдың орташа тәуліктік көлемі шілдеде 48,9 миллион текше метрді құраған. Бұл 2023 жылдың тамызынан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады.
Еуропалық Одақ Ресейдің газ транзитіне шектеу енгізген болатын. Еуропалық Одақ Ресейден сұйытылған табиғи газды Еуропа порттары арқылы тасымалдауға шектеулер енгізді.
Айта кетсек, Ресей Түркия арқылы ЕО-ға газ тасымалдаса, Қазақстан арқылы Орта Азия елдеріне тасымалдайды. Өзбекстан мен Қырғызстан Қазақстан арқылы ресейлік газ импортын арттыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, биылғы жылы газ транзитін 37,1 млрд текше метрге арттыру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 млрд текше метрге артық.
Одан бөлек Қырғызстанға тасымалданатын ресейлік газ көлемі де артуы мүмкін.