Қазақстанның Қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы мен KazWaste қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастық бірлесіп, жеке тұлғаларға салынатын жеке табыс салығын (ЖТС) алып тастауды ұсынып жатыр. Айтуларынша, бұл елдегі қоқыс өңдеу көлемін 30 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.
Ал әзірге Қазақстанда қоқыс өңдеу көлемі небәрі 15 пайызды құрайды екен. Қауымдастық өкілдері бұл көлемді жеке тұлғаларға салынатын салықты алып тастау арқылы арттыруға болатынын айтады.
«Қазақстанда бүгінгі таңда қалдықтардың тек 15%-ы ғана қайта өңделуде. Қолданыстағы салық жүйесі қалдықтарды жинау саласының ерекшеліктерін мүлдем ескермейді. 10 кг макулатура өткізгісі келген адам қабылдау пунктіне жеке куәлігін алып келуі керек, онда оның көшірмесі алынады. Содан кейін оған сатып алу актісі толтырылып, ЖТС-ты 10% ұстап, ақша төленеді. Бұл халықтың қабылдау пунктеріне қайталама шикізат тапсыруға деген ынтасын азайтады. Куәлік деген құпия деректер және ұсталатын 10% салық бұл үлкен сома», – дейді Қайталама шикізат жинау жөніндегі қазақстандық кәсіпорындар қауымдастығының өкілі Сергей Лущинский.
Қайта өңдеушілердің айтуынша, салықтың бұл түрі қайталама шикізатты тапсыруды және кешенді есепке алу жүйесін жүргізуді жүзеге асыратын тұлғалардың дербес деректерін жинауды міндеттейді.
Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, ЖТС-ты алып тастау арқылы қайта өңделген қалдықтарды сұрыптау мен тапсырудың тиімділігі артады.
«Бұл шикізат жинаушылар үшін қабылдау пунктерін ашуға мотивация береді. Шикізат неғұрлым көп болса, бюджетке қоқыс өңдеу зауыттарынан соғұрлым көбірек салық түседі. Мұндай шара қайталама шикізатты жинау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді және нәтижесінде қалдықтарды қайта өңдеудің артуына, елдегі полигондар мен қоршаған ортаға түсетін зиянды қалдықтардың азаюына жол ашады», – дейді Әубәкіров.
Зерттеулерге сәйкес, әлемде қағаз және картон қалдықтары 17%-ды, пластик 12%-ды құрайды екен. Ал Қазақстанда қағаз бен картонның үлесі 12%, пластик үлесі 11%-ды құрайды. Жалпы өңделуге жататын қалдықтар үлесі 23%. Бірақ бұл қалдықтар көбіне қайта өңдеуге берілмей, полигондарда көміледі екен. Нәтижесінде бюджет жыл сайын қайта өңделмеген макулатура, картон және қағаз қалдықтарынан 53-80 млрд теңге, қалған пластик қалдықтарынан 165-240 млрд теңге (218-320 млрд теңге сомасында) салық түсімдерін алмай қалады.
KazWaste қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың басқарма төрағасы Шынболат Байқұловтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын тұрғындардан 5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) түзіледі. Ресми түрде оның 25%-ы қайта өңделеді. Қалғаны полигондарда көміледі.
«Біздің мәліметіміз бойынша бұл көрсеткіш 10-15% құрайды. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай қайта өңдеу үлесі 40%-ға және халықты қалдықтарды шығару қызметтерімен қамтуы 100%-ға жетуі тиіс. Жаңа Экологиялық кодексте осы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі шаралар көзделген, алайда олар тиісті дәрежеде орындалмайды. Қалдықтарды басқару саласын дамытудың осы кезеңінде жергілікті жерлерде қалдықтарды бөлек жинауды енгізу және қалдықтарды қайта өңдеу бизнесін дамыту үшін жағдай жасау қажет», – дейді Байқұлов.