Қыркүйектен бастап бензин мен дизель отынын Қазақстаннан әкетуге тыйым мерзімі 6 айға ұзартылады
Қазақстан қыркүйектен бастап бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым мерзімін 6 айға ұзартады. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатында жазылған.
«Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль көлігімен бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00 ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», – делінген бұйрықта.
Аталмыш отын түрлерін тек мына жағдайларда ғана елден әкетуге рұқсат берілген:
- дайындаушы зауытта көзделген автомобиль көлік құралдарының бензин бактарында, мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен келісілген және жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізуге уәкілетті ұйыммен шарт және осы мақсаттар үшін қажетті авиациялық отын үлгілерінің (сынамаларының) саны мен көлемі көрсетілген хат болған жағдайда;
- авиациялық отынды (реактивті қозғалтқыштарға арналған отынды) өнеркәсіптік өндіріске қою, өнеркәсіптік өндіру технологиясын бекіту және қайта бекіту мақсатында тәжірибелік-өнеркәсіптік партиядан алынған үлгілердің қоспаларын, біліктілік және зертханалық сынақтарын іріктеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін авиациялық отынды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек шеңберінде әкетілетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін;
- 2710 19 820 0, 2710 19 840 0, 2710 19 860 0, 2710 19 880 0, 2710 19 920 0, 2710 19 940 0, 2710 19 980 0, 3403 19 900 0, 3403 91 000 0 ЕАЭО СЭҚ ТН кодтарымен жүретін майларды әкетуге рұқсат.
Бұл тыйымды орындауға Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі атсалысады.
Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде осы бұйрықтың орындалуын қамтамасыз етуі керек. Яғни құзыретті орган аталған тауарлардың автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытпен көзделген стандарттарға сәйкес келмейтін бензин бактарында әкету жағдайларына жол бермеуі керек.
Еске сала кетсек, наурызда бензин мен дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерін елден әкетуге алты айға тыйым салынған болатын.