Үкімет «Сарыағаш» шипажайын жекеменшікке беру мәселесін қарастырып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Сарыағаш» шипажайы жекеменшікке берілуі мүмкін / khanturan.com, бильд-редактор: Артур Алескеров

Үкімет Түркістан облысындағы «Сарыағаш» шипажайын 2021-2025 жылдарға арналған жекеменшікке беру жоспарына қосқан. Бұл туралы Сенат депутаттарының премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында жазылған.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылы 29 желтоқсандағы 
№ 908 қаулысымен бекітілген «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, шипажай бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған ұйымдардың тізбесіне енгізілген», – делінген депутаттар сауалында.

Депутаттар шипажайдың кешенді жоспарға енуіне жергілікті халықтың алаңдап отырғанын айтқан. Себебі шипажай жекеменшікке берілсе, онда жұмыс істеп жүрген жұмысшылар қысқарып қалуы мүмкін. 

«Жекешелендірілген шипажай өзінің аумағын қоршауға алып, күзет қойып, демалушылардың емін-еркін серуендеуіне, тыныс-тіршілігіне үлкен кедергілер келтіреді. Жолдама құнын жоғарлатып, қарапайым халыққа қол жетімді болмай қалуы ықтимал», – делінген сауалда.

Сенаторлар Үкімет басшысынан шипажайды жекешелендіру кешенді жоспарынан алып тастауды сұраған.

Премьер Олжас Бектеновтің депутаттар сауалына берген жауабына сәйкес, Үкімет 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көзделген бағыттар шеңберінде жекешелендіру, бәсекелестікті арттыру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды бастаған. Осы мақсатта «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенін» жекешелендіру жоспарына қосылған.

Дегенмен премьер-министр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына қосу және одан алып тастау туралы әдістемені бекіткенін, шипажайдың жоспардан шығуы немесе қалуы туралы мәселе қаралатынын хабарлаған. 

Айта кетейік, 12 шілдеде Ұлттық экономика министрлігі 2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына нысандар тізімін енгізу/шығару әдістемесін әзірлеген

Сондай-ақ оқыңыз