Орталық Азия елдері энергетикалық ресурстарды тұрақты жеткізудің жаһандық бұзылысына тап болып отыр. Осындай мәлімет келтірген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Орталық Азия елдері үшін энергетикадағы тәуекелдерді болжау тетіктерін құруды ұсынады.
Бүгін, 6 тамызда, Астанада алғаш рет Орталық Азия мемлекеттері энергетика министрлерінің бірінші отырысы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің энергетика министрлері мен өкілдері қатысты.
Бірінші болып сөз алған Алмасадам Сәтқалиев энергетика саласындағы 6 мемлекетке ортақ мәселелерге тоқталды. Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінде Орталық Азия елдері энергия жеткізудегі жаһандық кедергілер мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Министр мұнай мен газ бағасының ауытқуы мен геосаяси жағдай елдер арасындағы энергия жеткізу мәселесіне теріс ықпалын тигізіп жатқанын айтады.
«Энергиямен қамтамасыз ету қауіпсіздігін қамту ету үшін осы сын-қатерлерді болжау және басқару тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет. Осылайша, Орталық Азия аймағы жаһандық энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығын қалыптастыруда маңызды буын болады. Дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы дамыту мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ірі өңірлік энергетикалық жобаларды жоспарлау мен жүзеге асыруға назар аударуды ұсынамын», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстан қуаты 26 ГВт болатын энергия өндірудің жаңа нысандарын салады
Алмасадам Сәтқалиев жаңа энергетикалық қуат көздерін енгізетін уақыт жеткенін де атап өтті. Осы орайда ол Қазақстанның жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия өндіру нысандарын салатынын мәлім етті.
«Өңірдің транзиттік әлеуеті толық ашылмағанын ескерсек, энергетикалық ресурстар саудасындағы ықпалдастықты нығайту жұмыстарын белсенді жүргізу маңызды деп есептеймін. Тұтастай алғанда, сенімді энергиямен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, сондай-ақ халық санының тұрақты өсуін және тиісінше электр энергиясын тұтынуды ескере отырып, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қажет. Қазақстан өз кезегінде қолданыстағы қуат көздерін жаңғыртып, жалпы қуаты 26 гигаватт болатын жаңа көздерді салуды жоспарлап отыр», – деді министр.
Қазақстан Орталық Азия елдерімен ірі энергетикалық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр
Алмасадам Сәтқалиев энергетика саласындағы күрделі мәселелердің шешімі болатын бірқатар жобалар барын да айтты. Мәселен, Қазақстан Әзербайжан және Өзбекстан Республикасымен жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы жаһандық жобаны іске асыруды бастайды. Сондай-ақ Қырғыз және Өзбекстан Республикасымен «Қамбарата ГЭС-1» ауқымды гидроэлектростанциясының құрылысы бойынша талқылау жүргізеді.
«Осыған байланысты өңір мемлекеттерімен, атап айтқанда газ саласында осындай жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», – деді Сәтқалиев.
Кездесу соңында энергетика министрлері «Коммюнике» құжатына қол қойды.
Айта кетейік, Қырғызстан «Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасының құрылысына дайындық жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Қамбар-Ата ГЭС-1» су қоймасы Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанның 34%, 33%, 33% үлестік қатысуымен салынатыны жайлы 2023 жылдың күзінде белгілі болды. Қырғыз тарапы «Қамбар-Ата ГЭС-1» тез арада іске қосылса, бұл Қырғызстан және Орталық Азия елдері үшін де тиімді болатынын мәлімдеді.