Жаңалықтар

Тасқын су басқан өңірлердегі 40 білім беру нысандарының тек бесеуі ғана қалпына келтірілген

Министр орын тапшылығы бар мектептер жайында да айтты / Коллаж: архив kursiv.media 

Бүгінде Қазақстанда үш ауысымда білім беретін 92 мектеп бар. Ал 249  мектепте оқушы орны тапшы. Өзекті болып отырған тағы бір мәселе – су тасқыны болған өңірлерде зардап шеккен білім нысандарын қалпына келтіру жұмыстары толық шешімін таппады.  Бұл деректерді Үкімет отырысында баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келтірді.

Министрдің келтірген мәліметінде республика бойынша 7 859 мектеп бар. Оның 6 387-нің ғана жағдайы жақсы. Аймақтарда күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететін әлі де 1 290 мектеп бар.

«Әсіресе, Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында ең үлкен қажеттілік байқалады. Бұл мәселені 2027 жылға дейін шешуді жоспарлау қажет», – деді министр.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биыл 280 мектепте күрделі жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның 222-сі оқу жылының басына дейін аяқталуы тиіс.

«Сонымен қатар министрлік жүргізген мониторинг шеңберінде 15 нысанды күрделі жөндеу мерзімдерінің бұзылу тәуекелдері анықталды. Бұл – Қарағанды, Алматы, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы», – деді.

Ведомство басшысы су тасқыны болған өңірлерде 11 балабақша, 22 мектеп және 7 қосымша білім беру нысанының зардап шеккенін мәлімдеді. Әзірге оның тек бесеуінде ғана қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Жалпы 2024 жылы 536,0 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге бағытталып отыр. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет,- деп атап өтті Министр.

Еске салсақ, тасқын судан зардап шеккен мектептер мен балабақшаларды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлінетіні жайлы айтылған. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған болатын.