2000-шы жылдары дүниеге келген жастар еңбек нарығына араласады: Қазақстанда алдағы жылдары жұмыссыздық артуы мүмкін
Қазақстанда алдағы жылдары жұмыссыздық артуы мүмкін. Оған 2000-шы жылдары бэби-бум кезінде дүниеге келген балалардың ержетіп, еңбек нарығына араласуы себеп.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің LS басылымына берген ақпаратына сәйкес, қазір жалпы орта және орта кәсіптік білімі бар мамандардың алғашқы легі жұмыс іздей бастаған. 2026 жылға қарай олардың қатарын жоғары білімі бар жастар толықтырады. 2030 жылға қарай еңбек нарығына жаңадан 300 мың маман қосылып отырады
Ведомствоның болжамы бойынша, еңбек саласына жоғары демографиялық қысым әсер етіп, әсіресе, жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне әкелуі ықтимал.
Сонымен қатар осы мәселені урбанизацияның артуы одан әрі шиеленістіре түседі. Қазіргі кезде Қазақстан халқының 60%-ға жуығы қалаларда тұрады. Министрлік 2050 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны 2,2 есе артады деп болжап отыр.
Алайда ірі қалалардың инфрақұрылымдық дамуы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру процесімен үйлеспейді. Министрлік аймақтардан келетін еңбек мигранттарының жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз екеніне назар аударады.
Сонымен қатар сыртқы бәсекелестік те әсер етеді. Білікті мамандардың эмиграциясы жалғасуда: басқа елдерге кеткендердің 60 пайызы жоғары және техникалық кәсіптік білімі бар адамдар. Министрліктің айтуынша, бұл бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне және сапалы кадр тапшылығына әсер етеді.
ЕАЭС елдері арасында Қазақстан жұмыссыздық бойынша көш бастап тұр.
Қазақстанда 2024 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Қазір Еңбек министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 315,6 мың жұмыссыз тіркелген. Бұл – елдегі жұмыс күшінің 3%-ынан астамы.