BlackRock стратегтерінің болжамынша, қор нарығындағы жаппай сатылым әлі бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бұл жасанды интеллект акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді. Ал дамушы нарықтардың акцияларына жасалған болжам мәз емес: олар 20%-ға арзандауы мүмкін. Осы және өзге де тақырыптар туралы 6 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.
Қор нарығындағы жаппай сатылымдар тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін
Қор нарығындағы сатылымдар «тағы біраз уақытқа» созылуы мүмкін деп жазды Reuters. Себебі инвесторлардың барлығы бірдей «кэрри-трейд» схемасындағы мәмілелерін аяқтай алмай отыр. Бұған тағы бірнеше күн қажет. Бұл алдағы күндері басқа активтердің күрт ауытқуына түрткі болады.
Естеріңізге сала кетейік, инвесторлар, дүйсенбі,5 тамыздан бері АҚШ-тағы макростатистиканың нашарлауы және Жапония Банкінің ставканы жоғарылатуы аясында иенмен қаржыландырылатын мәмілелерді қысқарта бастады. Мұндай мәмілелер ұзақ жыл бойы активтерді сатып алу үшін пайдаланылып келеді. Аталған қаржыландыру «кэрри-трейд» деп аталады. Инвесторлар басқа елдердегі кірісі жоғары активтерге (соның ішінде акцияларға) инвестиция салу үшін Жапония немесе Швейцария сияқты пайыздық мөлшерлемелері төмен мемлекеттерден қарыз алады.
«Біздіңше, сатылым тағы бірнеше күнге созылады. Өйткені мұндай мәмілелердің ауқымы әдетте өте үлкен болады», – деді TIFF Investment Management компаниясының стратегияларды әртараптандыру бөлімінің басшысы Чжэ Шень. Ал Currency Research Associates консалтингтік компаниясының бас директоры Ульф Линдал: «Иенде сақталған «кэрри-трейд» мәмілелері әлі көп», – деді.
Бұл ретте сарапшылар «кэрри-трейд» мәмілелерінің нақты көлемін көрсете алмайды. Schwab-тың бас стратегі Кэти Джонс: «Бұл позициялардың нақты мөлшері қандай, қаншасы хеджирленген екенін түсіну қиын. Тиісінше, қысым қаншалықты үлкен екенін де анықтау мүмкін емес», – деді.
Жаппай сатылым жасанды интеллект акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді
Қазіргі жаппай сатылым аясында Уолл-стрит стратегтері жасанды интеллект компанияларының акцияларын сатып алу мүмкіндігі артқанын алға тартып отыр. BlackRock стратегтерінің зерттеу жазбасында: «Біз қазіргі жағдайда жасанды интеллект акцияларын сатып алуға деген мүмкіндіктің ерекше қарқын алғанын байқап отырмыз», – деді. Бұл туралы Yahoo Finance хабарлады.
«Жасанды интеллект сұранысқа ие болады. Өйткені әлемде жұмыс күші жылдам «қартайып» келеді. Ал технология өнімділікті арттыру тұрғысынан маңызды болмақ. Біз қазіргі жағдайды осы сектордың акцияларына қол жеткізу мүмкіндігі ретінде қарастырамыз», – дейді Evercore ISI қызметкері Джулиан Эмануэль.
Nvidia, Microsoft, Alphabet және Amazon қағаздары кейінгі күндердегі жаппай сатылымның нәтижесінде 15%-ға төмендеді. Goldman Sachs атап өткендей, ірі технологиялық компаниялардың акцияларының бағасы төмендегенімен, бұл қағаздар 10 жылдағы орташа деңгейден сәл де болса қымбатқа сатылып жатыр.
BCA Research: дамушы нарықтардың акциялары 20%-ға төмендейді
Дамушы нарықтардың акциялары ауқымды жаппай сатылымның алдында тұр. Өйткені АҚШ-тың экономикалық әлсіздігі әлі жалғасады. Bloomberg BCA Research компаниясының дамушы нарықтардағы және Қытайдағы бас стратегі Артур Будагянның дәл осындай пікірін жеткізді.
Будагян 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін дамушы нарықтар үшін он жылдық көрсеткіштердің төмен болатынын дәл болжаған-ды. «Бұл – «аю нарығы», сондықтан ол 20%-дан асады. Менің ойымша, ешқандай нарық көтерілмейді немесе сол деңгейде қалады. Оның ішінде Үндістан да бар. Менің, бәрі төмендейді», – деді ол.
5 тамызда жаһандық құлдырау жағдайында дамушы нарықтардың акциялары 900 млрд доллардан астам шығынға ұшырады. Будагян дамушы нарықтардағы компаниялардың акцияларына шаққандағы пайда 13 жыл бойы өзгеріссіз қалатынын айтты.
Дегенмен стратегтің пікірінше, қазіргі құлдырау дамыған нарықтарға да әсер етеді. Будагян АҚШ-тағы экономикалық өсу 2025 жылдың басында тоқтап та қалуы мүмкін екенін айтады. Табыстың әлсіз өсуі әрі баяулауы америкалық компаниялардың болашақ табысының төмендеуінің негізгі себептерінің бірі болмақ. Ол акциялардың кірістілігі төмендеген сайын экономикасы ірі елдердің мемлекеттік облигацияларын сатып алуды ұсынып отыр. «Инвесторлар ұзақ облигацияларға, АҚШ долларындағы қолма-қол ақшаға және алтынға ие болуы керек», – дейді стратег.
Трамптың екінші рет президент атануынан қандай тәуекелдер болуы мүмкін
Республикалық партияның басшысы «Ақ үйге» оралса, Дональд Трамптың АҚШ-тағы өнеркәсіп және сауда саясатына қарсы тұру үшін инвесторлар портфельдерді хеджирлеу мүмкіндігін қарастыруы керек деп жазды Market Watch.
АҚШ-тың келесі президенті республикалық бола ма әлде демократ бола ма әлі белгісіз. Бірақ ол ЖІӨ-нің көп үлесін құрап отырған федералды бюджет тапшылығымен бетпе-бет келеді. Қазір америкалықтар еуропалық үлгідегі әлеуметтік қорғау жүйесін қолдау үшін жеке табыс салығын тым аз төлейді. Ал АҚШ экономикасы баяулап келеді және әдеттегі қолдау шаралары оған көмектеспейді.
Мәселен, халықаралық облигация инвесторларына АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуін қолдау оңайға соқпайды. Сонымен қатар «Ақ үй» тарапы қысқарта алмайтын шығындар бар. Израильге, Тайваньға және Украинаға көмек көрсетуі керек, банкроттыққа ұшыраған банктерге депозиттер мен сақтандыру бойынша федералды корпорацияның қаражатын бөлуі қажет. Осылай жалғаса береді.
Трамптың екінші әкімшілігі бюджетті Қытай бағытындағы 60%-дық импорт тарифімен және басқа импорттық тауарлардың көбіне арналған 10% төлеммен толықтыра алады. Бірақ мұндай әрекеттердің сыртқы саяси салдары АҚШ-тың жаһандық альянстарын алаңдатады. Сондықтан бюджет тапшылығының өсетіні даусыз.
Сонымен қатар егер Трамп Джо Байден жүзеге асырған өнеркәсіпті асыра қолдау саясатын тежесе, бұл қадам экономикалық өсуді одан әрі бәсеңдетеді және Американы «экономикалық жаңылысу» жолына түсіреді. Бұдан кейін АҚШ өнеркәсіптік құлдырауға тап болады. Өйткені Қытай электромобильдер, аккумуляторлар мен жасыл энергетика саласындағы көшбасшылықты арттырады. Тиісінше, жартылай өткізгіштер бағытындағы өнеркәсібін күшейтеді.
Сондықтан Трамптың екінші рет президент атануы экономикалық қиындықтарға, инфляцияға, пайыздық мөлшерлемелердің ұзақ мерзімді баяу өсіміне әкеліп соқтыруы ықтимал.