Жаңалықтар

Шығыны азайып, есебі еселенсе де Reddit акциялары төмендеді

Reddit акцияларын бақылайтын 15 сарапшының жетеуі оларды сатып алуға кеңес береді / Фото: Unsplash/Brett Jordan

Reddit әлеуметтік желісіне иелік ететін компания сарапшылардың тоқсандық кірістерге қатысты болжамынан асып түсіп, шығындарын азайтты. Алайда тиісті есеп жарияланғаннан кейін компанияның акциялары 4,5%-ға төмендеді. Себебі Reddit үшінші тоқсанда жарнама берушілер АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты мейлінше сақ болатынын ескерткен-ді.

Толығырақ

Нью-Йорктегі кеңейтілген саудада Reddit акциялары алдымен екінші тоқсандағы есеп жарияланғаннан кейін қымбаттады. Бірақ кейін 4,5%-ға құлдырап, 51,9 долларға дейін төмендеді. Сейсенбі, 6 тамыздағы негізгі сессия Reddit қағаздарының 4,3%-ға төмендеуімен аяқталды.

Компания басшылары инвесторларға қоңырау шалып, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың жақындап қалғанына байланысты үшінші тоқсанда мейлінше сақ болатынын ескерткен. Баға да осыдан кейін төмендеген. Компания осыған дейін жарнама берушілердің кейбірі Ұлыбританиядағы сайлау мен Дональд Трампқа жасалған қастандыққа байланысты кідіріс алғанын байқаған.

Компания хабарламасы

Reddit-тің екінші тоқсандағы кірісі сарапшылар болжаған деңгейден 10%-ға асып түсіп, 281 млн долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға артық. CNBC жазуынша, LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар кіріс 254 млн доллар көлемінде болады деп болжам жасаған. Компания бір акцияға шаққандағы шығындарды 0,06 долларға дейін қысқартты. Ал сарапшылардың болжамы 0,33 долларға тең еді.

Reddit-тің онлайн-жарнамадан түскен кірісі өткен жылмен салыстырғанда 41% – ға өсіп, 253,1 млн долларға тең болды. Цифрлық жарнама нарығы 2022 жылғы күрделі кезеңнен кейін қалпына келуін жалғастырып жатыр. Екі жыл бұрын компаниялар инфляция мен басқа факторларға байланысты жарнама шығындарын қысқартқан болатын деп хабарлады CNBC.

Компания екінші тоқсанда бір пайдаланушыға шаққандағы орташа табысы 3,08 долларды құрағанын мәлімдеді. Бұл талдаушылардың 3,02 доллар көлеміндегі бағасынан жоғары. FactSet мәліметтері бойынша, күнделікті белсенді пайдаланушылардың саны жыл сайын 51%-ға өсіп, 91,2 млн-ға жетті. Ал сарапшылар шамамен 84,5 млн болады деп болжаған еді.

Reddit-тің деректерді лицензиялау бизнесі секілді бағыттарынан түсетін «басқа кірістері» 691%-ға – 28,1 млн долларға дейін өсті. Компания деректерді лицензиялау және жарнамалық технологиялар бойынша жаңа серіктестіктерден түсетін табыстың тұрақты түрде өсеріне сенімді. Оның ішінде Google және OpenAI-мен ынтымақтаса отырып биыл 60 млн доллардан астам табыс алсақ деген ниеті бар.

Reddit үшінші тоқсандағы кіріс 290-310 млн долларға тең болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Ал сарапшылардың болжамы – 278,7 млн доллар.

Сарапшылар не дейді?

Акциялар алғаш рет наурыз айында жарияланған сәттен бастап есептегенде 60%-ға өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, Reddit акцияларын бақылайтын 15 сарапшының жетеуі оларды сатып алуға кеңес береді. Бір сарапшы компанияның қағаздары нарықтағы деңгейден арзандайды деп санайды (Underweight рейтингі). Уолл-стриттің консенсус бағасы – 66,4 доллар, бұл 22%-дық өсімді білдіреді.

EMarketer талдаушысы Даниэль Константиновичтің айтуынша, аузы-мұрнына шығып тұрған жарнама нарығында Reddit акцияларының одан әрі өсуі қиындау. Дегенмен компания әлі де бір пайдаланушыға шаққандағы орташа кірісін еселеуге тырысып жатыр.

«Reddit қоғамдық компанияға айналған қысқа мерзімде компанияның ісі оңға басты. Алайда оның ұзақмерзімді міндеті – брендтерді Reddit-тің қауіпсіз, тұрақты әрі кірісі жоғары жарнама платформасы екеніне сендіру. Компания кірісі Pinterest немесе Snap сияқты бәсекелестермен салыстырғанда әлі де азаяды», – деді Константинович.

Өткен айда Reddit сайтқа тиімді бейне контент ұсыну үшін NFL, NBA және басқа да ірі спорт лигаларымен жасалған жаңа серіктестіктер туралы ақпаратты жариялады. Бұл жаңалық бейне жарнама берушілерді тарта алады. Reddit өткен жылы сатылымнан 804 млн доллар тапты, оның 98%-ы жарнамаға тиесілі, деп жазды Bloomberg.