Жаңалықтар

«Кейінгі үш жарым жылдан астам уақытта мемлекетке 9 млрд теңге зиян келді»: Антикор жол құрылысындағы жемқорлық фактілерін тізіп шықты

Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар / Коллаж: архив kursiv.media

Жол саласындағы құқықбұзушылық бітер емес. Соңғы үш жарым жылдан астам уақытта Антикор жол құрылысы саласында 65 жемқорлық  фактілерін анықтады. Соның салдарынан мемлекетке 9 млрд теңге шамасында залал келген. Бұл жайында агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифингте мәлімдеді.

Антикор мәліметінше, бүгінде жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүріп жатыр.

«Бірінші кезекте құрылыстың жоспарлаудан бастап жұмыстарды қабылдауға дейінгі барлық процесі зерделенеді. Жемқорлық нормалары, мүдделер қайшылығы мен олқылықтар тұрғысынан нормативтік-құқықтық актілер, құрылыс нормалары және ережелері қайта қаралады. Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, жобалау-сметалық құжаттама құнын арттыру, сапасыз материалдарды, жабдықтар мен технологияларды пайдалану орын алуда»,– деді Данияр Бигайдаров.

Бигайдаров  қазіргі жүріп жатқан автожол құрылысына да мамандар мониторинг жүргізіп жатқанын атап өтті. Ел бойынша жалпы 217 учаске қамтылған. Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар.

«Талдау барысында бірқатар бұзушылық анықталды. Бүгінгі күні қажетсіз, қайталама жұмыстарды, күтпеген шығыстарды, оның ішінде сметалық пайданы қосу есебінен сметаны асыра бағалауға байланысты жүйелі жемқорлық тәуекелдері 15 өңірде белгіленді және ол шамамен 6,9 млрд теңгені құрады. Мысалы, БҚО-ның «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолын салу кезінде бұзушылықтар анықталды», – деді ресми өкіл брифинг барысында.

Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Жамбыл өңірлерінде де жол құрылысына қатысты кемшіліктер шыққан. Антикор өкілінің сөзінше, мердігерлік ұйымдар көбіне кепілдік мерзіміне қатысты мәселеде жемқорлық тәуекеліне жол береді.

Автомобиль жолдарының жұмысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғандар арасында жаза арқалағандар да бар.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» КММ бас бухгалтері М. Асановаға және Төлеби ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жарық-Жол» КММ бас бухгалтері К. Бесбаеваға қатысты үкім шығарды. Олар автомобиль жолдарының жұмысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны және талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды«, – деді ол.

Олар жалған бухгалтерлік құжаттар негізінде үлестес кәсіпорындарға қаражатты заңсыз аударған. Сондай-ақ 2023 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында нақты жұмыс істемеген тұлғаларға жалақы аударып отырған. Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 99 миллион теңгеден асып жығылады. Қылмыстары әшкере болған екі бухгалтерге сот 7 және 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.