Жаңалықтар

Әлемдік қор нарықтары үш апта ішінде 6,4 трлн доллар жоғалтты – Bloomberg

Әлемдік қор нарықтары қанша қаржы жоғалтты / Фото: shutterstock.com

Әлемдік қор нарықтары үш апта ішінде шамамен 6,4 триллион доллар жоғалтты. Ал, дүйсенбі, 5 тамыз күнгі құлдырау тіпті ең тәжірибелі трейдерлерді де таңғалдырған. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазады.

5 тамыз күні Жапонияның Nikkei индексі 12%-ға, Kospi 9%-ға, ал Nasdaq Нью-Йорктегі сауданың ашылуында санаулы секундтарда 6%-ға құлдырағаны белгілі. Басылымның жазуынша, нарықтардың қаржы жоғалтуы апта басындағы дүрбелеңнен әлдеқайда бұрын басталған.

«Бұл ауытқулар өткен аптада басталған жаһандық сатылымның соңын көрсете ме, әлде ұзақ құлдыраудың басы ма, алдағы уақытта белгілі болады», – деп жазады агенттік.

6 тамыз күні ең қатты зардап шеккен нарықтардың кейбірі қалпына келді. Жапонияның негізгі индекстері 10%-дай өскен.

«Соңғы жылдары қаржы нарықтарының өсуіне қолдау көрсеткен іргетас қатты шайқалғаны анық», – деді Bloomberg.

Дүйсенбі, 5 тамызда, Жапония банкінің мөлшерлемелерін көтеру нәтижесінде иена 3%-ға көтерілген кезде Nikkei индексі 1987 жылдан бері қатты құлдырады. Инвесторлар валютаның күшеюі экспортқа бағытталған компаниялардың кірісіне нұқсан келтіреді деген қауіппен, жапон акцияларын жаппай сатты.

Бұл толқын басқа азиялық нарықтарға және Еуропаға, содан кейін Америкаға тарады. Несие нарығына да қатты әсер етіп, кем дегенде екі компания – сымсыз инфрақұрылым провайдері – SBA Communications пен SeaWorld Parks & Entertainment жалпы сомасы 3,8 миллиард долларды құрайтын несие мәмілелерін кейінге қалдырды.

Ал АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі инвесторларды тыныштандыруға тырысты. ФРЖ «АҚШ экономикасы құлдыраса, жедел түрде аяққа тұрғызамыз» деп уәде берген.