Жаңалықтар

2025 жылы өндірілген уранға салынатын салық 9 пайызға дейін көтеріледі. Шикізат құны қымбаттай ма?

2025 жылдан бастап уран кеніне салынатын салық 9 пайызды құрайды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

2025 жылы уран пайдалы қазбасын өндіруге салынатын (ПҚӨС) салық қазіргі 6 пайыздан 9 пайызға дейін артады. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан жылдық өндіріс көлемі мен уранның орташа бағасына байланысты сараланған мөлшерлеме енгізіледі. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды.

Бұл өзгеріс Салық кодексіне енгізілген түзетулер негізінде қолданысқа енеді. Онда тау-кен металлургия секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар үшін уран пайдалы қазбасын өндіруге салынатын салық мөлшерлемесін 2 кезеңмен арттыру көзделген.

Уран пайдалы қазбасына 6 пайыздық салық 2023 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген болатын. Ал 2025 жылы ол тоғыз пайызға дейін көтеріледі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық әрбір жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша жылына қанша уран өндірілетініне байланысты төленеді.

Жылына 500 тоннаға дейін табиғи уран концентраты өндірілсе, салық мөлшерлемесі 4% болады. Ал 500-1000 тоннаға дейін – 6%, 2 мың тоннаға дейін 9% салық төлейді. Егер жылына 3 мың тоннаға дейін уран өндірілсе, салық мөлшерлемесі 12% болмақ. 4 мың тоннаға дейін – 15% және 4 мың тоннадан жоғары – 18% салық бекітілмек.

Алайда осы саланың өкілдері пайдалы қазбаға салынатын салықтың бұлайша көтерілуі қазақстандық уранның қымбаттауына алып келеді деп тұжырымдайды. Түркістан облысындағы Инкай кен орнының 40 пайызына иелік ететін канадалық Comoce компаниясы мұндай салық әдістемесі енгізілсе, қазақстандық уран өз артықшылығынан айырылып қалады деп пайымдайды. Өйткені салынатын салық өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

Cameco-ның екінші тоқсандағы есебіне сәйкес, Инкай кен орнында 6 айда 1346 тонна уран өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Ал Инкай кен орны – Қазақстандағы ірі уран кен орындарының бірі.

Қазақстан уранының негізі өндірушісі – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2024 жылдың І тоқсандағы жиынтық табысы 92,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4 пайызға кем.

Компания қаржы көрсеткіштеріне уран сату көлемі әсер еткенін атап көрсетеді. Жыл басындағы 3 айда табиғи уранды сату көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға азайған. Оған тұтынушылардан түсетін сұранысты жеткізу мерзімі мен жалпы 2024 жылы сату болжамының төмендеуі себеп.