Блогер Айжан Байзақованың бауыры «Дикий Арман» қылмыстық тобына қатысты істе куәгер ретінде шақырылған

Жарияланды 7 Тамыз 2024 19:36

(жаңартылды 8 Тамыз 2024 10:03)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Байзақов «Дикий Арман» тобына қатысты істе куәгер ретінде шақырылған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алматы полициясы белгілі қазақстандық блогер Айжан Байзақованың бауыры Әлихан Байзақовты «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қатысты іс бойынша тергеуге шақырғанын растады.

«Аталған азамат полицияға куәгер ретінде жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін босатылды», — деп хабарлады Алматы полициясы «Курсивке» берген жауабында.

7 тамызда арнайы операция кезінде «Дикий Арманның» қылмыстық тобына қатысы бар деген күдікпен 15 адамға тергеу жұмыстары басталған. Тамыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп Алматы және Шымкент қалаларында бір уақытта «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі болуы мүмкін 15 адамды ұстап, тінту шараларын жүргізген. 

Полиция ақпаратына сүйенсек, топтың жетекшісі (Арман Жұмагелдиев-ред.) мен негізгі мүшелері қамауға алынғанымен, топтың басқа мүшелері бостандықта заңсыз әрекеттер жасауды жалғастырған. Тінту кезінде атыс, травматикалық және суық қару тәркіленіп, барлық күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған. 

Еске сала кетсек, 2023 жылдың шілде айында ІІМ «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевке қатысы бар Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталғанын хабарлады.

2023 жылы қыркүйекте Қайрат Құдайберген мен «Дикий Арманға» қатысты сот басталды. 

Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қатарында 41 адам бар. Олардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Искаков, 2013 жылы «Қорғас ісі» бойынша куәгер болған Талғат Махатов бар. 

Сондай-ақ оқыңыз