Грант алмай қалған түлектер Ғылым министрлігін сотқа бермек
Ұлттық бірыңғай тестілеу балы жоғары болса да, грант ала алмай қалған мектеп түлектері Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа бермек. Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Халида Әжіғұлова жазды.
Балалар құқығын қорғаушы Медина Майсар әлеуметтік желіде гранттардың әділетсіз бөлінгендігі туралы жазған. Министрлік су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келген талапкерлерге 5000 грантты жеке емес, жалпы гранттан бөліп берген.
Майсардың жазуынша, министрлік төтенше жағдайдан зардап шеккендерге жалпы гранттан емес, бөлек грант бөлуі керек еді. Жалпы гранттан бөлудің әсерінен жоғары балл жинаған түлектер грант ала алмай қалған.
«2024 жылғы гранттарды бөлу кезінде әділдік болды дегенге күмәнім бар. Сондықтан ТЖ квотасына бөлінген 5112 гранттың орнын толтыру және грант ала алмаған талапкерлер арасында қайта бөлуді ұсынамын», – деп жазды ол.
Facebook-та бұл мәселені Светлана Богатырева есімді психолог та көтерген. Оның сауалына жауап ретінде адвокат Халида Әжіғұлова Медина Майсар мен өзге де талапкерлердің министрлікті сотқа беруіне жәрдемдесіп жатқанын жазған.
«Сот жүйесі істі қараудан бас тартса, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінеміз», – деп жазды Әжіғұлова.
6 тамызда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балмен грантқа ілінбей қалған абитуриенттерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтқан. Жоғары балл жинаған балалардың тізімі ректораттарға жіберіледі.
Айта кетейік, 3 тамызда қазақстандық абитуриенттер үшін жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттар тізімі жарияланды. Жалпы жоғары білім беру бағдарламаларына барлығы 78 219 грант бөлінді.