Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Назым Қызайбай ел қоржынына қола медаль салды. Бұл туралы Олимпиада комитеті хабарлады.
50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді. Осылайша, Назым Қызайбай өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында өз мансабында тұңғыш рет қола жүлдегер атанып отыр.
Сондай-ақ Париж Олимпиадасының жартылай финалында қытайлық У Юге есе жіберген Назым жекпе-жегінен кейін пікір білдірді.
«Әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану арманым болды. Дзюдошы қыздармен Парижде жолыққанда да соны бір-бірімізге тіледік.
Қазір өзіме аса көңілім толып тұрған жоқ. Өйткені алтын алғым келді және жеңуге болатын қарсылас еді. Алайда қытай қызы жекпе-жек барысында алдап кетті. Оған қоса менде “қолаға жеттің, енді алтын алу керек» деген жүктеме тұрғандай болды. Сол кедергі келтіргендей. Жеңсем де, жеңілсем де қасымнан табылатын отбасыма, достарыма рахмет айтамын!», – деді Назым.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Олимпиада ойындарында ең алғаш өткізген жекпе-жегінде италиялық боксшы Джордана Соррентиноны жеңген. Ал екінші жекпе-жегінде бразилиялық қарсыласы Каролин Барбоза де Алмейдадан 5:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алған. Сонымен қатар ширек финалда колумбиялық боксшы Каролайн Барбозадан айласын асырған.
Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасы 11 тамыз күні аяқталады. Қазақстан қоржынында әзірге 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде бар. Олимпиада ойындары аяқталғанша қоржынға тағы жүлде алып келе алатын спортшылар туралы жазғанбыз.