Қазақстанда көлік паркінің жаңаруына байланысты АИ-95 маркалы бензинін тұтыну көлемі артып келеді. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің өнімді ішкі нарыққа жеткізу жоспарында жазылған.
Жанармай құю бекеттерінде 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың маусымына дейін АИ-95 жанармайының бағасы бөлшек саудада литріне 212 теңгеден 253 теңгеге дейін 19 пайызға өскен.
Ал 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның ішкі нарығына АИ-95 маркалы бензинді тасымалдау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға, яғни 0,623 млн тоннаға дейін артқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28%-ға артық.
Министрлік жоспарына сәйкес, тұтынудың арта түскеніне байланысты тамыз айында АИ-95 бензині рекордтық көлемде жеткізіледі. Бұл айда жанармай құю бекеттеріне 102 778 тонна осы маркадағы бензин жеткізілмек. Сәйкесінше елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауыттары да АИ-95 бензинін өндіру көлемін арттырған. Зауыттардың өндірістік бағдарламаларына сәйкес 2023 жылы 0,824 миллион тонна бензин өндірілсе, биыл бұл көлем 18%-ға артып, 0,969 миллион тоннаға дейін жеткен.
Жоспарда 2024 жылдың сегіз айында АИ-95 маркалы автомобиль бензинін тасымалдаудың жалпы көлеміндегі үлесі 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі 15%-дан 18%-ға дейін өсетіні айтылған. Десе де, өткен жылдың сәуір айында бұл бензин түрін тұтыну көлемі азайған болатын. Оған АИ-92 маркалы бензин бағасының 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін көтерілуі себеп болды. Сәйкесінше, АИ-95-те қымбаттады. Солайша жоғары сапалы бензинге басымдық беріп келген көлік иелері АИ-95-ті тұтынуды азайтты.
Негізінен тұтынудың артуына Қытайдан әкелінген жаңа көліктер өз әсерін тигізіп жатқаны айтылады.
«Қазір қытайлық көліктердің импорты күрт арта түсті. Олар бензин талғайды», – деп түсіндіреді сала мамандары.
Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында АИ-95 маркалы бензин партияларының көтерме бағалары жыл басынан бері тоннасына 230-280 мың теңгені құраған. Ал тамызда баға 254 000-285 000 теңге аралығында болған. Елде жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-95 маркалы бензиннің құны 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 10-12%-ға, ал 2022 жылғы бағамен салыстырғанда 45%-ға өскен.
Мәселен, осы жылдың шілде айында АИ-95 сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-20%-ға өскен. Дегенмен Қазақстанда ЕАЭО-ға мүше елдермен және Орта Азия елдерімен салыстырғанда баға сәл төмен екен. Бұл елдердегі АИ-95 маркалы бензиннің теңгеге шаққандағы құны мынадай:
- Қазақстанда – 253 теңге;
- Қырғызстанда – 417 теңге;
- Тәжікстанда – 488 теңге;
- Өзбекстанда – 429 теңге;
- Ресейде – 407 теңге;
- Беларусьте – 354 теңге;
- Арменияда – 625 теңге;
- Түрікменстанда – 196 теңге.
Айта кетейік, бұл жанармай түрін Қазақстан шетелден де тасымалдайды. Мәселен, 2023 жылы шетелден бұл маркадағы бензин тасымалдау көлемі 100 есе өскен болатын. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылдың 8 айында өзге елдерден елімізге 6,1 мың тонна АИ-95 маркалы бензині жеткізілген.