Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» АҚШ-тың LanzaJet компаниясымен бірлесіп SAF экологиялық таза авиациялық отынын өндірмек

Бір жыл бұрын ҚМГ-ның экс-басшысы Қазақстанның авиациялық отын өндірудегі әлеуеті зор екенін айтқан болатын / Фото: kursiv.media

Қазақстанда SAF экологиялық таза авиациялық отыны шығарылады. «ҚазМұнайГаз» америкалық LanzaJet компаниясымен аталмыш отын түрін өндіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов АҚШ-қа іскерлік сапары барысында американдық LanzaJet технологиялық компанияның бас директоры Джимми Самарциспен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отын (SAF) өндіру бойынша стратегиялық серіктестік мәселелерін талқылады. Сапар нәтижесі бойынша Ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Хасенов кездесу барысында ҚМГ-ның 2031 жылға қарай көміртегі үлесін 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға төмендету бойынша нақты мақсаттар қойып отырғанын айтқан. Осы орайда Қазақстанда биоотын нарығын дамыту арқылы елдегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өткен.

«Қазіргі уақытта әлем бойынша SAF отынына сұраныстың өсуі байқалып отыр. Біздің компания Қазақстанда тұрақты әрі экологиялық таза SAF отынын өндіру мүмкіндігін қарастыруда», – деген ҚазМұнайГаз басшысы.

Өз кезегінде LanzaJet басшысы Джимми Самарцис Қазақстанның экологиялық таза авиациялық отын өндіруге қатысты алғашқы қадам жасауының маңызын атап өтіп, бұл бағытта толық технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген.

LanzaJet – этанолдан SAF отынын алу технологиясын әзірлеп шығарған. Компания әлемнің ең ірі авиакомпаниялармен ұзақ мерзімді оффтейк келісімдер жасаған. 2024 жылы қаңтарда бұл компания этанолдан SAF шығаратын әлемдегі алғашқы коммерциялық масштабтағы LanzaJet Freedom Pines Fuels зауытын іске қосқан.

Ал SAF (Sustainable Aviation Fuel) отыны дәстүрлі авиакеросинге балама ретінде өндірілген тұрақты авиациялық отын. Бұл отын авиация саласын көміртек бейтараптығына көшіруге жол ашады. SAF-ты өсімдік және басқа да жаңартылатын көздерден алынатын биоэтанолдан яғни этил спиртінен өндіруге болады. Ол дәстүрлі авиакеросинмен салыстырғанда көміртегі шығарындысын 80%-ға азайтады. Оған сәйкес, дамушы елдер CO2 шығарындысының жалпы көлемін шектеу мақсатында SAF отынына көшуді жоспарлаған. Атап айтқанда, Скандинавия елдері, Израиль, АҚШ және Аустралия 2050 жылға қарай SAF отынын тұтыну көлемін айтарлықтай арттырмақ. Ал 2050 жылға қарай экологиялық авиаотынды пайдалану 63%-ға дейін өседі деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, Қазақстанның авиаотынның осы түрін шғырау мәселесін қарастырып жатқаны жайлы маусымда хабарланды. Бұл мәселе Асхат Хасеновтің америкалық LanzaJet және  жапондық Mitsui (Мицуи) инвестициялық компаниясының басшылығымен кездесуі кезінде айтылған еді.  

Ал осыдан бір жыл бұрын, ҚМГ-ның бұрынғы басшысы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның бұл үрдістен қалмай осы отын түріне біртіндеп көшуді жоспарлап отырғанын айтқан. Мырзағалиев компанияның бұл отынды ішкі рейстерде пайдалану мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Ол сонымен бірге биоотынды тек пайдаланып қоймай, сонымен бірге елде өндіру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізген еді.

Мырзағаллиевтің пікірінше, бұл таза отынды өндіруде Қазақстанның мүмкіндіктері зор, әрі мұндай өнімді өндіру ҚМГ үшін де, Қазақстан үшін де тиімді. Сонымен бірге SAF биоотынның бағасы қымбат әрі оған деген сұраныс болашақта арта түспек.

«Оны өндіру арқылы біз елдегі ауылшаруашылығын дамытып, көмірқышқыл шығындыларын азайтуда әлемдік деңгейде өз үлесімізді қосамыз», деді Мағзұм Мырзағалиев.