Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітті. Оған сәйкес мемлекеттік сатып алу шарттары өзгереді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта жазылған.
«Жобаның мақсаты – мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін айқындау», – делінген құжатта.
Заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді.
Жобада әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесінің болуы бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау тәртібі, әлеуетті өнім берушілерге және тартылатын қосалқы мердігерлерге қойылатын біліктілік талаптары, демпингтік бағаны айқындау тәртібі сынды тағы да басқа қағидалар қамтылған.
Құжатта конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде демпингтік бағаны айқындау тәртібі енгізілген. Оған сәйкес, әлеуетті өнім берушінің құрылыс-монтаждау жұмыстарға арналған конкурсқа қатысуға өтінімінің бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген бағадан екі пайыздан астам төмен болса, ол демпингтік болып танылады. Дәл солайша автомобиль жолдарын орташа жөндеу жөніндегі жұмыстар бекітілген бағадан бес пайыздан астам төмен болса, ғимараттар мен құрылыстарды ағымдағы жөндеу жөніндегі жұмыстарға қойылған баға жиырма пайыздан астам төмен болса, демпингтік баға боп саналады. Сонымен бірге электрондық дүкен арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде демпингтік бағаны айқындау тәртібі де бекітілген.
Құжатта рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, конкурсты жүзеге асыру тәртібі айқындалған. Рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып өткізілетін конкурс уәкілетті орган бекіткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша жүзеге асырылады.
Айта кетсек, бұл жобаны Мәжіліс 15 мамыр күні бекіткен болатын.
Заң жобасы негізінде:
- «мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымын енгізу және ол бойынша нормаларды регламенттеледі;
- әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» институты енгізіледі;
- әлеуетті өнім берушілердің рейтингі жасалады;
- мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары бекітіледі.
Құжатқа қандай өзгерістер енетіні жайлы «Курсив» жазған. Мемлекеттік сатып алу шарттарына енгізілген жаңа ережелермен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Ережелер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.